2019 жылдың III тоқсан қорытындысы бойынша, жеке тұлғалардың несие бойынша берешегінің жалпы көлемі өткен тоқсанмен салыстырғанда 7,4%-ға (500 миллиард теңге) 7 триллион теңгеге жеткен.
Жыл басынан бері нарық 16%-ға өскен. Несие келісім-шарттарының қатары артып, қазіргі кезде жеке тұлғалармен жасалған несие келісім-шарттарының саны 13 миллионнан асып кеткен.
2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, несие портфелінің құрылымында 26,3 пайызы – ипотекалық несие болса, кепілсіз тұтынушылық несие 53,2%-ды құрайды. Ал кепіл талап етілетін несие үлесі төмендеп келеді, 11,3%-дан 10,3%-ға азайған. Берілген несиенің 7,4 пайызы автонесие болса, несие карталарының үлесі 2,8 пайызды құрайды.
Қазақстандықтар несиенің 95 пайызын екінші деңгейлі банктерден алған, қалған 5 пайызы – шағын қаржы ұйымдары, онлайн-несие компанияларының үлесі.
Тұтынушылық несие нарығының одан әрі дамуы 2020 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін микроқаржы ұйымдарын реттеу мен қарыз жүктемесін есептеуге қойылатын жаңа талаптарға тікелей байланысты болады.
Осы орайда сарапшылар МҚҰ нарығын реттеу шаралары экономикада үлкен өзгеріс әкелмейді деп пайымдайды. Микроқаржы ұйымдары нарығы, жалпы алғанда, банк беретін тұтынушылық несиенің қарқынды өсімімен салыстырғанда, аса үлкен жүйелік қауіп тудырмайды.