Онлайн кассалық аппарат орнатпаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады

Жарияланды
Айыппұл арқаламас үшін не істеу керек?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жеке кәсіпкерлер патент қолдана алатын қызмет түрлері бойынша енгізілген өзгерістер өз күшіне енеді. Барлығы 32 қызмет түрі бекітілген.

Негізінен бұл: жалға алу, шаштараз, маникюр мен педикюр қызметі, такси, сылақ және сырлау жұмыстары, тасымалдау қызметі, бақташы, яғни жеке тұлғалар өз бетінше көрсете алатын қызмет түрлері. 

Айта кетейін, патент – шағын бизнес жүргізудің ең қолайлы тәсілі. Бұл салық салу режимі есеп өткізу тұрғысынан да қиындық тудырмайды және оның  мерзімі ұзартылуы мүмкін. Патент негізінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкер осы кәсіп орналасқан аудандағы салық органына тіркеледі. 

Ал осы бекітілген 32 қызмет түрінің тізіміне кірмеген жеке кәсіпкерлер салық салудың басқа режиміне көшуі тиіс. Бұл ретте, сөз жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі, белгіленген шегерім қолданылатын арайы салық режимі немесе қарапайым салық салу туралы болып тұр. 

Сонымен қатар, 2020 жылдан патент негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен арнайы салық режимін пайдаланатын шаруалар мен фермерлер де дерек жіберу фукциясы бар кассалық-бақылау аппараттарын орнатуы керек.  

Қассалық-бақылау аппаратын  тіркеу үшін салық органына хабарласу немесе oofd.kz сайтында тіркелу қажет. Ал тіркелу үшін өтініш, салық төлеуші туралы мәліметтер бар KБM және нөмірленген, боялған, салық төлеушінің қолы, бар болса мөрімен расталған тауарлық чектер кітабы керек.  

Салық өтінішін берген соң, үш жұмыс күні ішінде салық органдары КБМ тіркеу нөмірін беріп, КБМ тіркеу карточкасын ашады.
Электронды құжат тіркеуші органның лауазымды қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске  енгізілген, 2020 жылдың 1-қаңтарынан өз күшіне енетін өзгерістерге де ерекше назар аудару қажет. Осы өзгерістерге сәйкес, онлайн КБМ орнатпауға қатысты жауапкершілік те қатаңдаған. Кассалық аппарат орнатпаған жағдайда, салық төлеушіге бұрынғыдай ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады. Сондықтан бекерден-бекер айыппұл арқаламас үшін, кассалық аппаратты ертерек тіркеп қойған абзал. 

Сондай-ақ оқыңыз