Қазақстан құрамасының футболшысы құжаттардағы қиындықтары туралы айтты

Жарияланды
Солардың салдарынан, Александр Меркель ұлттық команда үшін ойнай алмай жүр

Қазақстанның бас командасы үшін үш матч ойнап үлгерген голландтық «Хераклестің» жартылай қорғаушысы, құрама сапында өзіне өнер көрсетуге кедергі келтіріп тұрған жәйттер туралы айтты. Бұл турасында Sputnik хабарлайды.

Александр Меркель Еуро-2020 іріктеу турнирінде Шотландия (3:0) құрамасына қарсы матчта тамаша өнер көрсетіп, нәтижелі пас беріп көзге түскен-ді. Одан кейін, «Хераклестің» ойыншысы Ресей (0:4) командасына қарсы ойында негізгі құрамда алаңға шыққан-ды, содан  соң, ол құраманың сапында алаңға шыққан емес, әрине, бұл, өз кезегінде, түрлі алып-қашпа сөздерге бастау болған-ды. Міне, солардың барлығын футболшы өз ауызымен жоққа шығарды:

«Иә, менің құжаттарым бойынша біршама қиындықтар туындады, солардың салдарынан, соңғы матчтарға қатыса алмадым. Дегенмен оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, ал мен өз елімнің құрамасы үшін алаңға шығатын сәтті тағатсыздана күтіп жүрмін. Бұл мәселе жақын уақытта шешіледі деген үміттемін, өйткені маған ұлттық құраманың қатарында болу қатты ұнайды», – деді Меркель.

Бұдан бөлек, жартылай қорғаушы өткен жазда өзінің Алматы «Қайратына» ауысу мүмкіндігі туралы алып-қашпа әңгімелерге қатысты пікір білдірді. 

«Мен «Қайратқа» ауысуға жақын болған жоқпын. БАҚ жазғанның барлығы шындыққа жанаспайды», – деді сөзін нақтылаған Меркель.
 

Естеріңізге салсақ, Александр Меркель 1992 жылы Алматыда дүниеге келген. Алты жасында отбасымен бірге Германияға қоныс аударған. Меркель – «Штутгарт» футбол мектебінің түлегі, ол «Милан», «Удинезе», «Бохум», «Уотфорд», «Грасхоппер», «Адмира Ваккер» сияқты командалардың сапында өнер көрсеткен. 2018 жылғы шілдеден Александр «Хераклес» құрмаында өнер көрсетіп жүр.

 

Сондай-ақ оқыңыз