ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Жаңа құжатта тыйым салынған препараттарды қолданғаны, тағайындағаны және таратқаны үшін жауапкершілікті қатайту қарастырылған.
Бұдан былай, тыйым салынған препараттарды қолданған қазақстандық спортшылар ұзақмерзімдік дисквалификацияға ұшырап, олардың қол жеткізген нәтижелерінің күші жойылып қана қоймай, онымен қатар, олар ақшалай сыйақыны мемлекетке қайтарып, жаттықтыруға бөлінетін ақшадан, спорттық атақтардан айырылып, құраманың және штаттық команданың құрамынан шығарылатын болады.
Бұдан бөлек, Олимпиада, Параолимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері допинг қолданған жағдайда мемлекет оларға сыйға тартылған тұрғын үйлерді падалану туралы келісім-шарттардың күшін жоятын болады.
Жаңа заңнама нормаларына сәйкес, спортшыға допинг тағайындаған тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілген, ол жаза түрінде 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл төлеуді қарастырады.