«Қайрат» футзалдан Қазақстан кубогін ұтып алды
Еліміздің мықты клубтарының бірі – Алматының «Қайраты» футзалдан Қазақстанның 2019 жылғы Кубогінің жеңімпазы атанды.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен ақтық ойында бразилиялық бапкер Пауль Рикардо Фигейра Силваның (Кака) шәкірттері шиелініскен текетіресте талдықорғандық «Жетісу» клубынан басым түсті.
Шешуші ойынның алғашқы таймы алматылықтардың елеулі басымдылығымен өтіп, Тайеби мен Дәурен Нұргожин соққан екі доп, үзіліске дейін есепті 2:0 жеткізіп, оларға жәйлі жағдайды қамтамасыз етті.
Алайда ойынның екінші жартысында жетісулықтар қарсыластарына есе жібермей, кейде, тіпті, одан басым түсіп жатты. Дегенмен «Қайрат» азулылығын танытып, өздерін жеңіске жетелеген 4:3 есебін сақтай білді..
«Матч өте қызықты болды, екі команда да жақсы ойын көрсетті. Біз команданың жаңа, ойыны әлі қалыптасып үлгермегенін жақсы түсінеміз. Қарсыласымыз екінші таймда таң қалдырды, олар ойынға тың серпін беріп, өздерінің табысқа жетуіне көптеген сәтті жағдайлар тудырды. Мен үзілісте ойыншыларға ширақ қимылдап, доп соғуға қолайлы жағдайлар тудыру қажеттігі туралы айттым. Жалпы, ойын нәтижесін бірінші таймда-ақ жасап тастауға болушы еді», – деді матчтан кейін «Қайраттың» бас бапкері Кака.
Бұған біздің қосарымыз, алматылық клуб өз тарихында футзалдан 15-рет Қазақстан Кубогін жеңіп алып, өз жетістігін жаңартты.