Атырауда Жайықтан тағы да өлі балық табылды
Атырау облысында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның Жайық өзені бойындағы су сору станциясының маңынан табылған өлі балықтардың неден қырылғанын ведомствоаралық комиссия анықтап жатыр деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі.
19-желтоқсан күні әлеуметтік желілерде Жайық өзенінің Атырау облысы аймағындағы бөлігінде өлі балықтар табылғаны жөнінде видео тараған еді.
«Осы фактіні нақтылау және себебін анықтау үшін 20-желтоқсан күні ведомствоаралық комиссия көрсетілген аймақты, яғни, Атытау МӨЗ-нің су сору аймағын қарап шықты. Атырау облысы бойынша экология департаментінің, «Қазгидромет» РМК, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері келді», –деді брифингте Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Арман Молдашев.
Оның айтуынша, видеода көрсетілген жерден 17 өлі балық табылып, жағаға шығарылған.
«Балық ұшасынан механикалық зақымның іздері байқалады, оны балық брокеньерлердің ауына түсіп қалғанда алуы мүмкін»,– дейді Молдашев.
Өлі балықтар зерттеуге өткізілген Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы облыстық филиалының дерегі бойынша, Жайықта балық жаппай қырылып жатыр деп айтуға негіз жоқ. Өлген балықтардың басым бөлігі 50 метр радиуста табылған. 3 шақырымдай өзен жағалауын мамандар толық қарап шыққан.
Өз кезегінде, Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Амантай Жұмағалиев былтырғы оқиғаны ескере отырып, 1-желтоқсаннан бері «Қазгидромет», Экология департаменті және Ұлттық сараптама орталығы өзен суынан күнделікті сынама алып отыратынын айтады.
«Зерттеу нәтижесі бойынша, тұтынушыларға жеткізілетін судың сапасы барлық санитарлық талаптарға сай», – деп тұжырымдайды Жұмағалиев.
Оның айтуынша, 18-,19-, 20-желтоқсан күндері алынған су сынамаларының нәтижесі 3 күннен кейін дайын болады.
Дегенмен, әлеуметтік желіде өз ақпараттарымен бөлісіп жатқан куәгерлердің айтуынша, өлген балықтың саны ведоствоаралық комиссия айтқан саннан әлдеқайда көп.
Осы орайда, Арман Молдашев та қазір мұз өте жұқа болғандықтан, тек өзен жағалауы тексерілгенін айтып өтті.