Әлемдік қарыз 188 трлн долларға жетті

Жарияланды
Мемлекеттік қарызы ең көп ел – АҚШ

Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева биыл әлемдік қарыз – мемлекеттік те, жеке қарыз да рекордтық көрсеткішке жеткенін айтады.

«Тіпті экономикасы дамыған елдердің сыртқы қарызы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі кезеңде болмаған деңгейге жетті», – деп нақтылап өтті ХВҚ басшысы. 

Ал дамушы елдердің сыртқы қарызы осындай деңгейде соңғы рет 1980-жылдардағы дағдарыс кезінде байқалған. Мәселен, 2018 жыл қорытындысы бойынша, дамушы елдердің мемлекеттік қарызы 5,3 пайызға өсіп, $7,8 трлн құраған.
Әлем елдерінің ішінде сыртқы қарызы ең көп мемлекет – АҚШ, қазіргі кезде оның сыртңқы қарызы 23 трлн доллардан асып кеткен. Бұл – мемлекет тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Сыртқы қарыз АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіні салықты төмендетіп, шығынды арттыруы себепті өскен. 

Ал Қазақстанның сыртқы қарызы бір жыл ішінде $6 млрд немесе 3,7%-ға төмендеп, 158,3 млрд долларды құрады. 

2019 жылғы 1-шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымында фирма аралық қарыз басым: $100,3 млрд немесе жалпы қарыздың 63,3%-ын құрайды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 3,3 пайызға төмен. 

Мемлекеттік сыртқы қарыздың  көлемі – $12,6 млрд немесе жалпы қарыздың 8 пайызына тең. Екінші деңгейлі банктердің 2008 жылғы дағдарыс кезінде қордаланып, 45,9 млрд долларға жеткен сыртқы қарызы сол кезден бері 8 есе қысқарып, соңғы жылы 6,5 пайызға азайғанын қоса есептегенде, 5,7 млрд долларды құрап тұр. 

Мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы қарызы 2019 жылғы 1-шілдедегі жағдай бойынша, квазимемлекеттік ұйымдардың сыртқы қарыздарын жоспарлы және мерзімінен бұрын өтеу есебінен, бір жыл ішінде 5,4 млрд долларға немесе 20,5%-ға азайып, жалпы 21 млрд доллар көлемінде қалыптасқан. 

Сондай-ақ оқыңыз