Инвестиция

Тұрғын үй нарығында қандай өзгеріс бар?

Қараша айында тұрғын үй бағасы сол күйінде қалса, сатылым көлемі өткен аймен салыстырғанда, 16,5 пайызға қысқарған

2019 жылғы қарашада өткен аймен салыстырғанда, жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1%-ға, абаттандырылмаған тұрғын үйлерді қайта сату 0,5%-ға, абаттандырылған үйлердің сатылым көлемі 0,4%-ға өскен. Ал қаңтар-қараша аралығында тұрғын үйді сату-сатып алу туралы 292 269 келісім жасалған. Бұл көрсеткіш былтырғы 11 аймен салыстырғанда, 20,4% артық, деп хабарлайды ҚР ҰЭМ Статистика комитеті. 

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы 0,7%-ға қымбаттаған. Соңғы 3 жыл ішінде жалға алу бағасы 17 пайызға өсіп, бір шаршы метр үшін 2016 жылғы 1 278 теңгеден 2019 жылы 1 494 теңгеге жеткен. 

2019 жылдың қарашасында тұрғын үйді сатып алу-сатуға қатысты тіркелген келісімдердің саны 25 959 құрап, өткен аймен салыстырғанда, 16,5% кеміпті. Сатылған үйлердің төрттен үш бөлігі көп қабатты үйлердегі пәтер болса, қалғаны – жер үйлер. 

Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, 2019 жылғы қаңтар-қараша айларында сатылған тұрғын үй саны 20,4 пайызға артқан. Жасалған келісім-шарт саны бойынша Қызылорда облысы алда келеді – 33,6 пайызға өскен, Алматы облысы мен Алматы қаласында  аталмыш көрсеткіш 31,7 және 32,3 пайызға тең. Ал Маңғыстау облысында тұрғын үй сату бір жылда 1,8 пайызға қысқарған. 

Тұрғын үй сату бойынша Алматы алда келеді, елде сатылған әрбір алтыншы пәтер осы қалаға тиесілі, әрбір жетінші пәтер Нұр-Сұлтан қаласында сатылса, сатылған әр оныншы пәтер Қарағанды облысында орналасқан.