«Қазақфильмнің» шықпаған картиналарына 19 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған

Жарияланды
Халық отандық киноларға қызықпайды

Есеп комитеті Қазақстан тұрғындары отандық киноларға қызықпайтынынын айтады. 

«2010 жылдан бері бекітілген 48 сценарий бойынша ешқандай фильм түсірілмей, түсірілген 325 фильмнің 185-і прокатқа шықпаған. Олардың құны 19 миллиард теңгеден асады»,– деді  Есеп комитетінің Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мекемелердің активтерін басқару жөніндегі жиынында  Талғат Жақан.

Ол сондай-ақ, «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмдерді көруге халықтың аз баратынын, бұл тұрғындардың отандық фильмдерге деген қызығушылығының төмендігін білдіреді деп атап өтті. 

Оның айтуынша, қазіргі кезде ұлттық киноөндіріске көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен:

«Отандық киноиндустрияны қолдау орталығы» тек мемлекеттік бюджет есебінен күн көреді. 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, биыл наурыз айында құрылған кино орталығын ұстау шығындары қарастырылған 2,46 млрд теңгенің 126,6 миллионын немесе 5,1%-ын құрады. Бұл биыл қаражаттың игерілмеуіне әкеп соғуы мүмкін». 

Жалпы, спикердің мәліметтері бойынша, Мәдениет және спорт министрлігіндегі аудиторлық тексеріс нәтижесінде 343 900 000 теңге көлемінде қаржылық бұзушылық фактілері анықталған. Нақты жоспардың болмауы себепті 20 600 млн теңге тиімсіз жұмсалып,  мемлекеттік сатып алу кезінде кезінде құны 846 млн теңге болатын құқық бұзушылықтарға жол берілген. 

Мемлекеттік аудит әкімшілік құқық бұзушылық сипаты бар 28 істі әкімшілік өндіріс ісін қозғау үшін уәкілетті мекемелерге жөнелткен. Ал кейбір материалдарды құқық қорғау орындарына тапсыру жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз