Егер тиісті заң қабылданса, 102 мыңға жуық қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе білім алуға жұмсай алады, деп хабарлады премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Бұл турасында Интерфакс-Казахстан жазған.
«Зейнетақы жинақтарын пайдалану жинақ сомасына байланысты. Адам зейнет демалысына шыққанда, оның есеп-шотында өзінің лайықты өмірін қамтамасыз етуге жеткілікті жинақ сомасы болу қажет. Онда жинақтардың, кем дегенде, 40% қалу керек, бұл халықаралық еңбек ұйымының талабы. Жеткілікті сома, шамамен, 10-12 миллион теңге сомасында болу керек. Бізде, шамамен, ондай 102 мыңға жуық адам бар», – деді Сапарбаев сәрсенбіде Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.
Бұдан бұрын, ол зейнетақы жинақтарының жеткілікті мөлшерін жинаған қазақстандықтардың оны пайдалана алатынын түсіндірген болатын. Оның ақпараты бойынша, қазіргі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) 10 трлн теңге жинақталған, бұл 9,6 миллионға жуық қазақстандықтар салымдарының сомасы. Орташа есеппен, әр салымшыға 1 млн теңгеден келеді. Осы орайда, ол үкіметтің есебі бойынша, зейнетке шыққаннан кейін, лайықты өмірді қамтамасыз ету үшін, кем дегенде, 11-12 млн теңге жинақтау қажет екенін айтқан болатын.
Өткен жылғы қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауын жариялай отырып, үкіметке қазақстандықтардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндік туғызуды тапсырған болатын.