Павлодардағы теміржол кластері жабылудың аз-ақ алдында тұр

Жарияланды
Үш бірдей кәсіпорын өкілдері облыс әкіміне арнайы хат жолдады

Екібастұзда жылына 1 мың жиынтық бағыттамалық бұрма, 850 жиынтық темірбетонды брус және 2 млн 208 мың рельстік бекітпе шығаратын, мемлекеттік үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған үш кәсіпорынның тағдыры қыл үстінде тұр. 

Қыруар қаржы құйып, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орындарына жұмысын тоқтатуға тура келетін сияқты. Бұл туралы «Проммашкомплект», «R.W.S.BINDING», «R.W.S.Concrete» компанияларының өкілдері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа жазған хатында баяндады. 

«Біздің кәсіпорындар Елбасының бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылды. Осы уақытқа дейін 70 млрд. теңге инвестиция құйылып, жылына 4 млрд. теңге салық төлеп келді», – делінген хатта.

Хат авторларының айтуынша, үш компанияда, барлығы, 1100-ден астам адам еңбек етеді екен. Бірақ негізгі сатып алушылар – «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мен оған қарасты мекемелер екіжақты ұзақмерзімді келісімшарт болғанына қарамастан, өткен жылдың екінші тоқсанынан бастап, тапсырыс беруді тоқтатыпты.

«Соның салдарынан, темірбетонды брустар, бекітілген бөлшектер, бағыттама құралдарының өндірісі тұралап қалған. Кәсіпорын басшылары Ооы уақытқа дейін бұл мәселені көтеріп, көпшілікке жария етпепті. Бірақ «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға да тапсырыс бермеген соң, бұл жайтқа назар аудармасқа болмапты.

«Қазіргі кезде ұлттық компания біздің өнімдерді емес, Қытай, Ресей, Түркия, Украинада жасалған теміржол жабдықтарын сатып алып отыр. Бұл, өз кезегінде, екібастұздық компаниялар жұмысының тұралауына, сәйкесінше, мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына әкеп соғуы мүмкін», – деп жазады хат иелері. 

Кәсіпорын басшыларының жанайқайын назардан тыс қалдырмаған аймақ басшысы Болат Бақауов өзінің инвестиция жөніндегі орынбасары Арыстан Қабыкеновке арнайы жұмыс тобын құрып, осы аптада аталмыш кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесіп, ұлттық компания басшылығымен келіссөз жүргізуді тапсырыпты. 

Ал жұмысы тұралаудың алдында тұрған кәісіпорындардың еңбеккерлері демін ішіне тартып, әліптің артын бағып отыр.
 

Сондай-ақ оқыңыз