АҚШ виза берудің жаңа тәртібін жариялады
АҚШ президентінің әкімшілігі Америкаға босану үшін барғысы келетін әйелдерге виза берудің жаңа тәртібін жариялады, деп хабарлайды Интерфакс агенттігі.
Associated Press-тің дерегі бойынша, бала дүниеге келген соң автоматты түрде Американың төлқұжатын иеленуі үшін сол жаққа әдейі барып босанатын әйелдерге америкалық туристік виза беру туралы сөз болып жатыр. Егер АҚШ-тың консулдық қызметі әйелдердің АҚШ-та босануға бара жатқанын анықтаса, олардың өтініші кері қайтарылады.
Жалпы АҚШ-қа барып босану заңды, алайда виза алуда алаяқтық жасап, салықтан жалтару мақсатында «босану туризмін» ұйымдастыратын туристік агенттік өкілдерінің қамауға алынған жағдайлары тіркелген.
АҚШ мемлекеттік департаменті елге босану үшін келу – саяхаттау немесе демалу мақсатындағы туризм түсінігіне сай келмейді деп тұжырымдайды.