Жаңалықтар

Қарағанды облысында боран салдарынан төрт вагон рельстен шығып кетті

Қалпына келтіру жұмыстар атқарылуда

Қарағанды облысында 23-қаңтардағы 21 сағат 43 минутта Қарабас станциясында «Нұр-Сұлтан – Жезқазған» бағытындағы жолаушылар поезының 683 жолаушы болған төрт вагоны рельстен шығып кетті, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Бұл турасында «ҚТЖ» ҰК» акционерлік компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазіргі таңда оқиға орнында алпына келтіру жұмыстары атқарылып, оқиға салдарларын жоюға қалпына келтіру поездары кіріскен, учаскедегі поездар қозғалысы тоқтатылған жоқ. Жолаушыларға баратын жеріне дейін жету үшін басқа вагондар ұсыну жөніндегі жұмыстар ұйымдастырылды. Оқиға боран мен қардың толассыз жауынан туындаған еш нәрсе көрінбейтін күрделі метеорологиялық жағдай салдарынан орын алған», – делінген ҚТЖ таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, ҚТЖ-дағылар ауа райының төтенше жағдайына байланысты барлық бөлімшелердің ерекше жұмыс тәртібіне көшірілгенін айтты. Темір жол бөлімшелерінде апаттық бригадалардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған, күрделі метеожағдайда поездардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қолданылған.