200 теңгелік монета айналымға шықты
Қазақстан Ұлттық Банкі 2020 жылдың 28 қаңтарында номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік биколорлы монеталарды айналымға шығарады, хабарлайды қаржылық реттеушінің баспасөз-қызметі.
Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайны тұжырымдамасына сәйкес орындалған.
Дизайн
Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған «200» деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде – тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде – тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін «QUB» аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі тұр.
Айта кету керек, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар – заңды төлем құралы және тозған кезде айналымнан шығарылып отырады.