Елімізде жекешеліндірілетін нысандардың қатары көбейеді
Қазақстанда жекешелендірілетін нысандардың қатары көбейеді. Бұл туралы ҚР ҰЭМ министрі Руслан Дәленов үкімет отырысында мәлімдеді.
«Кәсіпкерлікті, бәсекелестікті дамыту және мемлекет меншігінен алу бойынша кешенді шаралар іске асырылады. Бұл – нарықтағы монополияның күшін, әкімшілік және экономикалық кедергілерді жою, сондай-ақ бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қол жеткізуі. Мемлекеттік қолдау мен кеңес алуды жеңілдету үшін «Бизнеске арналған үкімет» бір терезе жүйесі жұмыс істейді. Жекешелендірілетін нысандардың қатары көбейеді», – деді ол.
Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен бойынша, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты мемлекеттік қолдау үшін барлық жағдай жасалады. Биыл су ресурстарын бақсару жөніндегі бағдарлама дайындалмақ.
Ал өнеркәсіп және құрылыс саласы бойынша, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды, қайта өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру шаралары қабылданады.
Одан бөлек, тұрғын үй саласы мен инфрақұрылымды дамыту шаралары қолға алынып, сауда саясаты бағдарламасы әзірленеді. Өткізу нарығына қол жетімділікті қамтамасыз ету мен электрондық сауданы дамыту бойынша шаралар іске асырылатын болады. Жыл соңына дейін «Техникалық реттеу туралы» заңның жаңа жобасы қабылданады.