Азаматтық авиация комитеті Қытай бағытындағы авиарейтерге алынған билеттерді кері қайтару және билет құнын өтеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды мекеменің баспасөз-қызметі.
Хабарламада әуе билеттерді айыппұлсыз өткізіп, оның құны толық көлемде өтелетіні жазылған.
«Қалып қойған жолаушыларды елге қайтару үшін Бейжің және Үрімші қалаларынан қосымша рейстер ұйымдастырылады», – делінген хабарламада.
«Эйр Астана», «SCAT» (Қазақстан), «China Southern Airlines» және «Air China» (Қытай) авиакомпанияларының ұшақтары Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қытайдың Бейжің, Үрімші, Сиань, Санья, Хайкоу қалалары арасында тұрақты түрде ұшып тұратын.
Биыл 3 ақпаннан бастап, жоғарыда аталған рейстерге билеттері бар жолаушылар әуе билеттерін сатып алған жерінен қайтара алады.
Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия 3 ақпаннан Қытай Халық Республикасымен тұрақты темір жол, әуе қатынасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Бұған дейін коронавирустың та ралуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ҚХР азаматтарының Қазақстан аумағында 72 сағаттық визасыз транзиттік тәртібі уақытша тоқтатылған болатын.
Сонымен қатар, коронавирустық инфекция бойынша қалыптасқан жағдай жақсарғанға дейін ел азаматтары Қытай Халық Республикасына барудан бас тарта тұрған жөн.