Жаңалықтар

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары тағайындалды

Лауазым Алмас Айдаровтың еншісіне тиді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алмас Айдаровты Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындады. Бұл турасында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Өкімімен Алмас Айдарұлы Айдаров Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды», – делінген таратылған хабарламада.

Осы тағайындауға дейін Алмас Айдаров Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымында болған-ды.

Алмас Айдаров 1983 жылы 25 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келді. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша, 2009 жылы Президенттік басқару академиясын бітірді.

Еңбек өтілі:

  •  «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМҚК-нің ішкі аудит жөніндегі маманы, инвестициялық инженері (2004-2006);
  • ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің жетекші маманы (2006);
  • ҚР Президенті Әкімшілігінің Ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің сарапшысы, ҚР Президенті Протоколының сарапшысы (ҚР Президенті Әкімшілігі, 2006-2012 жж.);
  • «OKHK Engineering» ЖШС («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы) басқарушы директоры (2012-2014 жж.);
  • «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры  Басқарма мүшесі (2014-2017 жж.);
  •  Қарағанды облысы әкімінің Өнеркәсіп, ШОБ-ты дамыту, индустрияландыру және инвестиция мәселелері жөніндегі орынбасары (2017 жылғы 28 маусымнан бастап).