Коронавирустың өршуі Қытайдың қор биржаларына да әсер етті
Қытайдың қор нарығындағы жаңа жылдық демалыстан кейінгі алғашқы сауда-саттық бүгін, дүйсенбі күні өтті. Сауда-саттық мәліметтері коронавирус індетінің жайылуы қор нарығына да әсер еткенін байқатады. Shanghai Composite және Shenzhen Component қор биржаларының индексі 8 пайызға төмендеді, деп хабарлайды РИА Новости агенттігі.
ҚХР құрлық бөлігінің қор биржаларында сауда-саттық Қытай жаңа жылының алдында, 23 қаңтар күні өткен еді, ал демалыс кезінде коронавирус жұқтырғандардың саны – 30 есе, осы індеттен қайтыс болғандардың қатары 20 есе артқан.
Shanghai Composite қор биржасының негізгі индексі таңғы 09.37-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша: 7.37) 8,07%-ға арзандап, 2736,28 пунктке дейін төмендесе, Shenzhen Component қор биржасы 8,54%-ға төмендеген. Ал Гонконг қор биржасы 0,44 пайыз көтеріліп, 26428,05 пунктке жеткен.
Желтоқсанның соңында қытай билігі Хубэй провинциясының Ухань қаласында шығу тегі белгісіз пневмония жайылып жатқанын хабарлады. Бұл аурудың қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі – 2019-nCoV екені анықталды.
Айта кетейік, әлем бойынша аталмыш инфекцияны жұқтырғандардың саны 17 мыңнан асып, 360 адам қайтыс болды.
Науқастардың басым бөлігі – Қытай азаматтары, дегенмен Ресей, АҚШ, Германия және басқа да елдерде бірнеше адамның инфекция жұқтырғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2019-nCoV коронавирус инфекциясының таралуын халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай деп жариялады.