Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды
Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.
Инфляция 4-6% нысаналы дәліз шегінде сақталады. 2020 жылдың қаңтарында жылдық инфляция 5,6% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 9,2%,-ға өссе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,2%-ға қымбаттап, ақылы қызмет бағасы 1,4%-ға өскен. Халықтың инфляциялық болжамы тұрақты.
«Тұтынушылық және инвестициялық сұраныс экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсімі 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында жылдық 5,8%-ды құрады, әлеуметтік қолдауға арналған бюджет шығысы былтыр 26,0%-ға артып, тұтынушылық несиелеу 26,9%-ға өсті. 2019 жылы инвестиция 8,5%-ға көбейді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор бір жылда 5,0%-ға өсті», – делінген хабарламада.
Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешім инфляцияның қалыптасқан және болжамды серпіні оның бағдарларына сәйкес келуі, сондай-ақ, ішкі және сыртқы тәуекелдердің балансы ескеріле отырып қабылданатын болады. Жағдай Ұлттық банктің болжамына сәйкес қалыптасса, сондай-ақ үкімет пен жергілікті атқарушы органдар азық-түлік нарығындағы бәсекелестікті арттыру және оңтайлы тарифтік саясат жүргізу шараларын қабылданған кезде ақша-кредит талаптары жеңілдеуі мүмкін.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2020 жылғы 16-наурызда Нұр-Сұлтан қаласында жарияланады.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді бұған дейін 2019 жылғы 9-желтоқсанда шығарған еді. Ол кезде де мөлшерлеме өзгеріссіз қалған.