Сұлтанов әкімдерді азық-түлік бағасын жіті қадағалап отыруға шақырды
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасын ұстап тұру үшін әкімдіктер ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», –деп мәлімдеді үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
«Былтыр барлық өңірлерде шекті бағадан асқан 67 жағдай тіркелген. Бірақ бірде-бір әкімдік шекті бағаны тұрақтандыру бойынша да, сауда нысандарына заңмен белгіленген ықпал ету шараларын қабылдамаған. Қаңтарда баға тағы да шекті деңгейден 7 рет асып кеткен. Алайда әкімдіктер тағы да ештеңе істемеді», – деді ол.
Министрдің айтуынша, қаңтарда баға 0,3%-ға өскен. Бұл көрсеткіш былтырғы қаңтар айымен салыстырғанда, екі есе төмен.
Осы мәселені шешу үшін Сұлтанов әкімдерге апта соңына дейін бәсекелестікті қорғау және мемлекеттік кірістер департаменттерімен бірлесе отырып, жұмыс топтарын құруды тапсырды. Олар алыпсатарларды көлеңкеден шығарып және бағаны көтеріп, бірдей қоюға байласқан саудагерлерді анықтауы тиіс.
2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10,4%-ға өскен. Қазақстанның 10 өңірінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы республикалық орташа көрсеткіштен де асып кеткен. Соның ішінде Атырау, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал мен Көкшетау қалаларында азық-түлік ерекше қымбаттаған.