Өзбекстанда ислам банкингі енгізіледі

Жарияланды
Жоба биыл жүзеге асырылуы мүмкін

2020 жылы өзбектің 3 банкі исламдық қаржыландыру принциптері негізінде несие бере бастауы мүмкін. Бұл туралы Өзбекстан орталық банкі басшысының орынбасары Ботир Зохидовқа сілтеме жасай отырып Kun.uz басылымы хабарлайды.  

Микроқаржыландыру жүйесі туралы заң жобасын  талқылау барысында ол: «Қазір 3 банк исламдық қаржыландыруды қолға алуда. Бұл істің бірқатар технологиялық ерекшеліктері бар, биыл оның бәрі шешіледі деген ойдамын»,– деген. Алайда ОБ басшысының орынбасары қай банктер екенін нақтыламады. 

Айта кетейік, 2018 жылы Өзбекстанның нормативтік-құқықтық актілер жобасын талқылау порталында ел президентінің «Өзбекстан Республикасында ислам банкингі және қаржы инфрақұрылымын құру туралы» қаулысы жарияланған. Бұл құжат сол күйі қабылданбаған, дегенмен Ботир Зохидовтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада ислам банктерінің жұмысына еш шектеу қойылмаған.

Ислам банкингі дегеніміз  – шариғат қағидаттарына сәйкес келетін қаржылық қызмет. Бұл жүйе жұмысы басты принциптерінің бірі  – берілген қарыздан пайыз алуға тыйым салынады. Қаржы институты бұл жағдайда кредитор емес, ақша бөлінетін жобаның инвесторы немесе серіктесі болады. Соңғы деректер бойынша, ислам қаржы ұйымдарының жиынтық активі $2,5 триллионнан асып, жыл сайын 15-20 пайыз өсіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз