Жыл басында тұрғын үй бағасы өзгерді
2020 жылдың қаңтарында жаңа тұрғын үйдің бағасы өткен айлармен салыстырғанда, 0,8%-ға өсті деп хабарлайды ҚР ҰЭМ Статистика комитеті.
Соның ішінде, абаттандырылған тұрғын үйдің бағасы – 0,7%-ға, абаттандырылмағаны – 0,4%-ға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі де 0,9%-ға жоғарылаған.
Статистикалық деректерге жүгінсек, қаңтар айында жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы – 295 180 теңгені, қайта сатылатын жайлы пәтердікі – 203 091 теңгені, абаттандырылмаған тұрғын үйдің 1 шарты метрінің бағасы 126 500 теңгені құрады.
Сондай-ақ, орта есеппен, ел бойынша абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы бір шаршы метр үшін 1 529 теңгені құрайды.
2019 жылы тұрғын үй сату-сатып алу бойынша жасалған келісім-шарт саны 21%-ға артып, 320 мыңнан асты. 2018 жылы 264 мыңнан аса келісім-шарт жасалған-ды.