Саяси партияны тіркеу жеңілдейді
«Саяси партиялар» және «Сайлау туралы» заңдарға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда саяси партия құру мен тіркеу жеңілдейді. Бұл туралы ведомство аралық комиссия отырысында ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков айтып өтті.
Ендігі жерде жаңа партия тіркеу үшін партия қатарындағы адамдардың саны 20 мың болса жеткілікті. Бұрын жаңа саяси ұйым құру үшін 40 мың адам мүше болуы талап етілетін. Одан бөлек, сайлауға қатысудан үмітті партия мүшелерінің 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауы тиіс.
«Әлемдік тәжірибеде сайлауға түсетін әйел азаматтарды санын арттырудың бір жолы – әйелдерге арналған квота енгізу. Партиялық арнайы квота Еуропа елдерінде қолданылады, әсіресе Германия, Норвегия, Франция мен Бельгияда кеңінен таралған. Бұл елдерде осы норма заңдық тұрғыда бекітілген», – деді Данабеков.
Департамент директоры бұл мемлекет басшысының тапсырмасы екенін, қоғамдық келісім кеңесінің екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы саяси жүйеге өзгеріс енгізуді ұсынғанын айтып өтті.