Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қаңтар айында 3,6 пайызға өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 2,9 пайызды құраған. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін үкімет отырысында осындай деректерді келтірді.
«Биыл қаңтар айында ЖІӨ өсімі 3,6 пайызға дейін жеделдеді. Былтыр бұл көрсеткіш 2,9 пайыз болған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 3,1 пайызға артты. Жылдық инфляция 5,6 пайызды құрады», – деді ол.
Министрдің айтуынша, экономиканың негізгі салаларында жақсы нәтиже байқалады. Атап айтқанда, құрылыс саласы 12,5%-ға артса, (жаңа облыс орталығының құрылысына байланысты Түркістан облысы 80% өсім көрсеткен), байланыс – 9,8%, сауда – 5,2%, өнеркәсіп (соның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 7,8%, кен өндіру – 2,8%) – 4,1%, көлік – 3,6%, ауыл шаруашылығы – 2,6% өсім көрсеткен.