Қытай эпидемиясы әлемдік экономиканы деміктіре бастады
Қытай елінен шыққан коронавирус эпидемиясы әлемдік экономикаға қауіп төндіре бастады. Кешелі бері, халықаралық Moody’s агенттігінің сарапшылары бұған қатысты нақты мәліметтерді алға тартты.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қытайдағы эпидемия салдарынан, әлемдік нарықта, бірінші кезекте, өнеркәсіптік металлдар бағасы төмендеп кеткен.
Бұл ретте, халықаралық сарапшы Дени Тренктің айтуынша Коронавирус эпидемиясы басталғалы бері, Қытайға барып келуге байланысты шекаралық шектеулер артты. Бірақатар елдер Қытай Халық республикасымен шекараларын мүлде жауып тастап, вирустың таралуынан қорқып отыр.
«Қазір Қытайда бірқатар ірі-ірі компаниялар қызметін тоқтатып, инвесторлардың күдігі көбейіп, жұмыстары жүрмей тұр. Ол мұның соңы экономикалық өсімге кері әсерін тигізеді», – дейді Тренк.
Вирустан – минусқа не кетті?
Сарапшылар алға тартып отырғандай, расымен, де қазір әлемдік нарықта қара алтын бағасынан бастап, бірқатар металдардың да бағасы түсе бастады. Мәселен, осы апта басталысымен әлемдік нарықта мыс – 10,4%-ға никель –8,7%-ға; қалайы – 8,2%-ға;цинк — 7,3%-ға; қорғасын – 4,6%-ға; алюминий –3,5%-ға төмендеген.
Шанхай мен Шэньчжэндегі Қытайдың екі ірі биржаларында саудаланатын акциялардың құны да 8 пайызға төмендеді. Бұл акцияларды пайдаланатын компаниялар, шамамен, 358 миллиард доллар сомасындағы капиталын жоғалтқан. Қытай Халық банкі эпидемия басталғалы, экономикасын қолдау мақсатында 174 млрд доллар қаржы жұмсаған.
Бұл ретте, бізге пікір білдірген әлемдік экономика саласын зерттеуші, қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, 2002-2003 жылдары SARS вирусының өршуі Қытайда басталып, 25 елге таралды. Осы вирустан 800 адам қайтыс болды. Ал коронавирустан қайтыс болғандардың саны қазір 1000 адамға жетті.
Сол 2003 жылдардың өзінде Қытай экономикасы айтарлықтай зардап шегіп, елден инвесторлар үркіп қалған.
«2003 жылдары Қытайдың жалпы өнімнің мөлшері жылына 1,7 трлн доллардан аспады. Ал қазір аталмыш елдің экономикасы тоғыз есе үлкен – 15 трлн доллар. Ал оның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 4 пайыздан 17 пайызға дейін өсті. Әлемдік ЖІӨ-де 17 пайыз үлесі бар Қытайдың дағдарысқа түсуі кім-кімді де алаңдатуы тиіс. Сондықтан бұл арада бізді ойландыратын нәрсе көп», – дейді қаржыгер.
Қаржыгердің айтуынша, қазір Қытайда ірі-ірі компаниялар дағдара бастаған. Қаңтар айындағы көрсеткіштерге жүгінсек, Қытайдағы бөлшек сату нәтижесіндегі түсім 3-4 пайызға төмендеген. Қытай экономикасы үшін тағы бір соққы вирустың ошағы саналған Ухань қаласы автомобиль өнеркәсібінің ірі ошағы саналатын General Motors және SAIC концерндерінің бірлескен кәсіпорны осында орналасқан жер.
Егер Қытай автокәсіпорындары 2020 жылдың наурыз айының ортасына дейін жабық болса, олардың түсімі бірден үш есеге төмендейді. Бұдан соң, әлемге танымал IKEA компаниясы Қытайдағы дүкендерін вирус ауыздықталғанша, жабатынын мәлімдеді.
Қытайдың Xiaomi компаниясы да жабылу туралы шешім қабылдаған. Apple компаниясының директоры Тим Кук Қытайда орналасқан дүкендердің жұмыс сағатын азайту, кей аймақтарда жабу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Google Қытай, Гонконг, Тайваньдағы барлық офистарын жапты.
«Бұдан басқа да ірі-ірі компаниялар жұмысын тоқтатып тұр. Ал мұның барлығы түсімді азайтып, минусқа кетіретін жәйттер», – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Инвесторлар неден қорқады?
Коронавирустің өршуіне байланысты инвесторлардың негізгі қорқынышы әлемдік пандемия. Мамандар «егер инфекция жаһандық пандемияға ұласса, ол әлемдік экономикаға 2008-2009 жылдардағы дағдарыспен пара-пар қауіп төндіреді» деп отыр.
Осы орайда, Moodys халықаралық рейтинг агенттігінің аға экономисі Джон Лонски: «Коронавирустық пандемия – бұл дүниежүзілік қаржы дағдарысы мен 2008-2009 жылдардағы ұлы рецессияны тудыруы мүмкін», – деген болжам айтты.
Осыған байланысты қазір Қытайда және Уханьда бизнес жүргізетін шетелдік компаниялар шұғыл шараларға баруға мәжбүр.
Бұл ретте, экономист-ғалым Жұмаділдә Баяхметов былай дейді:
«Қытайда штатында 10 мың қызметкер бар Apple корпорациясы 15-ақпанға дейін ҚХР-дағы кеңселер мен дүкендерді жауып тастады. Американдық Levi Strauss & Co. Уханада, Қытай аумағында ірі дүкендерін жауып қойды. Сондай-ақ америкалық Dow Jones, S&P500 және Nasdaq компанияларының түсімдері 2020 жылдың қаңтар айының екінші жартысында құлдырауға барды. Euro Stoxx еуропалық индексі де төмендеді».
Міне, осыдан кейін, сарапшының айтуынша, Қытайда бизнесін жүргізетін инвесторлардың көңіл күйі бұзылды. Алдағы уақытта Қытайдың мұнай-кен саласына қатысты жағымды болжамдар да айтылып жатқан жоқ. Сондай-ақ қазір бірқатар елдер Қытаймен арадағы транзиттік тасымалдарға шектеу қою жағын ойластыра бастады.
Қазақстанға нені ескеру керек?
Экономист-ғалым Жұмаділдә Баяхметовтың айтуынша, Қытайдағы вирус наурызға дейін жойылмаса, Қазақстандағы сауда саласы дағдарысқа ұшырайды. Себебі, Қазақстанға келетін тұтыну заттарынан бастап, киім-кешек, электроника жабдықтары және тағы басқа қажеттіліктердің 80 пайызы Қытай елінен жеткізіледі.
Сондай-ақ маманның пайымынша, бұл эпидемия, Қазақстан-Қытай арасында транзиттік тасымалдаудың тоқтап қалуына да ықпал етуі мүмкін.
«Осыдан барып, елімізге келетін туристердің ағымы да төмендеп, бұл салада да түсім азая түседі. Шектеу қойылғандықтан, «теміржол, әуежолы тасымалы да қазірдің өзінде шығынға ұшырып жатыр», – дейді маман.
Сарапшының айтуынша, Қытай инвестициясы бұған дейін мұнай газ саласына, металл өндіруге, логистика саласына, энергетика саласына құйылып келді. Ал 2016 жылдан бері, Қытай компаниялары еліміздің ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция құя бастады. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында мал бордақылау, мал өсіру, агро-өнім алуға қатысты Қытаймен бірлесіп 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1 млрд 735 мың долларды құрайды.
Жалпы, Қытай экономикасының дағдаруы бізді де алаңдатуы тиіс. Себебі біз сауда-саттықта, мұнай-газ саласында эскпорт, импорт қарым-қатынасында Қытаймен ынтымақтастықты жолға қойған елміз.
«Сондықтан көршінің көңіл күйі бұзылса бізге қатысы жоқ деп отыра беруге болмайды. Сақтық шараларын күшейту керек. Болашақта Үкімет отандық өндірісті қолдау мақсатында нақты-нақты бағдарламалармен жұмыс істеп, өзімізден шығатын өнім көлемін көбейтуге қатты мән беруі керек. Олай етпесек, осылай көршінің көңіл күйін бағып отыруымызға тура келеді», – деді сөзін тәмәмдаған экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділдә Баяхметов.