Жаңалықтар

Қазақстан көмірінің 86 пайызы Ресейге экспортталады

Былтыр жалпы көлемі 23,1 млн тонна көмір шетелге сатылған

Шетел нарығына шығарылатын көмірдің заттай – 86 пайызы, бағалық мәндегі 50 пайызы Ресейге сатылады, деп хабарлайды Еnergyprom.kz.

2019 жылдың 12 айында елімізде  жалпы құны 360,1 млрд теңге болатын көмір мен лигнит өндірілген. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі инфляция деңгейін ескере отырып, 2,2 пайызға қысқарыпты. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы бұл көрсеткіш 319,8 млрд теңгені құраған. 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығындағы нақты өсім оның алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2,5 пайызға жоғары.   

Көмір Қазақстанның үш аймағында өндіріледі: Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысы. Қарағанды облысында былтыр 192 млрд теңгенің көмірі өндірілсе, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 136,2 млрд теңгені құрады. Ал ШҚО-да  2019 жылы қазылған көмірдің жалпы құны – 30,9 млрд теңге. 

Тас көмірдің, лигнит пен көмір концентратын қоса алғандағы өндірісі 2 пайызға қысқарып, 115,4 млн тоннаны құраған. Тас көмір өндірісі шамамен 1,8 пайызға азайса, лигнит қазу бірден 10,2 пайызға кеміген. Тек көмір концентратының өндірісі артыпты, алайда оның үлесі ауыз толтырып айтарлықтай емес. 

Былтыр Қазақстан жалпы құны 449,7 млн доллар болатын 23,1 млн тонна көмір экспорттаған.

Қазақ көмірі ТМД елдері арасында негізінен Ресейге сатылады, бір жылда көрші елге 19,8 млн тонна көмір сатылыпты. Бұл – экспортқа шығарылған көмірдің 85,6 пайызы. Ресейге көмірдің заттай  85,6 пайызы сатылғанымен, бағалық мәндегі үлесі 49,6 пайызды құрайды. Салыстыратын болсақ, Украинаға жылына 790,2 мың тонна көмір жеткізілгенімен, оның құны бүкіл экспорттың 26,9 пайызына тең.