Былтыр халықтың депозитте жинаған қаржысы 9,3 трлн теңгеден асты. 12 айда салым көлемі 7,8 пайызға өскен. Қазақстандықтардың таңдауы – негізінен жедел салым.
ҚР Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша, депозиттердің 5,4 трлн теңгесі немесе бүкіл салымның 58,2%-ы ұлттық валютада жинақталған. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 пайызға өскен. Доллар және еуромен сақталған жинақ көлемі 3,8 трлн теңгені немесе 41,8%-ы құрайды.
Депозит түрлері бойынша алсақ, бірінші орында жедел жинақтар тұр. Олардың үлесі – 86,1 пайыз. Қаражаттың қалған бөлігі қажет болған кезде бірден шешіп алатын депозит пен ұзақ мерзімді салымдарда жинақталған.
Бас банктің дерегі бойынша, 2019 жылдың желтоқсанында теңгемен сақталған жедел салымдардың ең жоғары пайыздық мөлшерлемесі 9% болып белгіленген. Егер бұл көрсеткішті ай сайын қадағалап отырсақ, онда ол 2019 жылдың қаңтарындағы 10,2%-дан – желтоқсан айында 9%-ға дейін төмендегенін байқауға болады. Шетел валютасындағы жедел депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 1,5%-дан 1,4%-ға дейін төмендеді.
Жеке салымдар бойынша аймақтардың арасында Алматы және Нұр-Сұлтан көш бастап тұр.
Бұған дейін Kursiv.kz Қазақстандағы депозит нарығын зерттеп, онда екінші деңгейлі банктер ұсынатын ең қолайлы шарттар туралы мәлімет берген еді.