Банк пен қаржы

Қазақстандықтардың депозиттерінде қанша қаржы жатыр?

Салымның басым бөлігі ұлттық валютада сақталған

Былтыр халықтың депозитте жинаған қаржысы 9,3 трлн теңгеден асты. 12 айда салым көлемі 7,8 пайызға өскен. Қазақстандықтардың таңдауы – негізінен жедел салым. 

ҚР Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша, депозиттердің 5,4 трлн теңгесі немесе  бүкіл салымның 58,2%-ы ұлттық валютада жинақталған. 2018 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 пайызға өскен. Доллар және еуромен сақталған жинақ көлемі 3,8 трлн теңгені немесе 41,8%-ы құрайды.

Депозит түрлері бойынша алсақ, бірінші орында жедел жинақтар тұр. Олардың үлесі  – 86,1 пайыз. Қаражаттың қалған бөлігі қажет болған кезде бірден шешіп алатын депозит пен ұзақ мерзімді салымдарда жинақталған. 

Бас банктің дерегі бойынша, 2019 жылдың желтоқсанында теңгемен сақталған жедел салымдардың ең жоғары пайыздық мөлшерлемесі 9% болып белгіленген. Егер бұл көрсеткішті ай сайын қадағалап отырсақ, онда ол 2019 жылдың қаңтарындағы 10,2%-дан  – желтоқсан айында 9%-ға дейін төмендегенін байқауға болады. Шетел валютасындағы  жедел депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 1,5%-дан 1,4%-ға дейін төмендеді. 

Жеке салымдар бойынша аймақтардың арасында Алматы және Нұр-Сұлтан көш бастап тұр.

Бұған дейін Kursiv.kz Қазақстандағы депозит нарығын зерттеп, онда екінші деңгейлі банктер ұсынатын ең қолайлы  шарттар туралы мәлімет берген еді.