Электронды сауда-саттық көлемі екі есе өскен
2019 жылдың қорытындысы бойынша, электронды сауда нарығының көлемі 700 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
«Былтыр Қазақстандағы электронды сауда нарығының көлемі 1,8 есеге артып, 700 млрд теңгеден асты. Электронды сауданың жалпы бөлшек саудадағы үлесі 3,7% құрады. Бұл өсімнің елеулі әлеуетін байқатады», – деді ол.
Бұл ретте министр ішкі нарықтың қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Қазақстандық интернет-дүкендердегі сатылым көлемі былтыр 422 млрд теңгені, халықаралық интернет-алаңдарда 280 млрд теңгені құраған. Халық 40,5 млн рет тауар сатып алған, соның ішінде ішкі нарық 2,2 есе өсіп, жіберілген сәлемдемелердің саны 22 миллионнан асты.
Бақыт Сұлтанов былтыр белсенді тұтынушылардың қатары 72 пайызға артып, жалпы саны 32 млн құрағанын айтып өтті.
«Қазақстанда екі мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда табыс салығын төлеуден босататын салық жеңілдігін қолдана алатын тек 579 интернет-дүкен тіркелген. Сондықтан, реттеуді қатаңдатпай-ақ, бұл секторда заңды түрде жұмыс істеуді ынталандыру бағытындағы шараларды қабылдау маңызды, өйткені сауда-саттық қарқыны жоғары», – деді министр.
Оның айтуынша, 2019 жылы қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 2,3 есеге артып, 14,4 трлн теңгені құрады.
Бұл өсім, атап айтқанда, сауда POS-терминалдар инфрақұрылымының дамуы, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay-дің келуімен, банктердің клиенттерді бонус және кэшбек арқылы ынталандыруы, сондай-ақ қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлемді белсенді пайдаланумен байланысты.
Былтыр электрондық сауда саласында 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Министр, сондай-ақ, тапсырысты смартфонда көмегімен рәсімдейтін қазақстандықтардың үлесі 65%-ға жақындағанын хабарлады.