Геологиялық барлау жұмыстарына 800 млрд теңге инвестиция тартылады
Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиевтің айтуынша, еліміздің мемлекеттік балансында 8 мыңнан астам кен орны тіркелген, оның ішінде 317 көмірсутек (мұнай, газ, конденсат), 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны, 3 мыңнан астамы кең таралған пайдалы қазбалар және 4 мыңға жуығы жер асты сулары кен орны.
«Соңғы он жылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақын орналасқан – Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихин, Зырянов ірі қорғасын-мырыш кен орындары толықтай игерілді. 2025-2040 жылдарға таман Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольный секілді кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқылуы күтілуде. Бүгінгі таңда қорлардың өсім деңгей коэффициенті қатты пайдалы қазбалар бойынша – 0,13, ал көмірсутек шикізаты бойынша – 0,9 (Қашаған кен орнын есепке алмағанда). Соңдықтан да, жаңа кен орындарын ашу және оны іске қосу үшін, кем дегенде 10-15 жыл уақыт кететіндігін ескере отырып, геологиялық барлау жұмыстарын қазірден бастап жандандыру қажет», — деді М. Мырзағалиев.
Қостанай облысының, Орталық пен Шығыс Қазақстан арасындағы аумақтардың және Қырғызстанға іргелес еліміздің оңтүстігінің алтын кен орындарына әлеуеті зор. Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары Қазақстанның орталық, оңтүстік және де Кенді Алтай өңірлерінде ашылуы мүмкін.
Сонымен қатар, бұл аудандарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтер кен орындарын ашуға мүмкіншілік бар.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда геологиялық барлауды жүргізуге инвесторларды тартуда оң тәжірибе қалыптасуда.
Соңғы үш жылда 75 мың шаршы км болатын аумақта геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазақмыспен бірігіп, ірі Дүйсембай қорғасын-мырыш ен орны (қоры 2,8 млн тонна), Ulmus қорымен бірге Бесшоқы кен орындары (қоры 1 млн тонна) ашылды. Рио Тинтомен бірлесе отырып, Балқаш қаласы маңында Прибрежное кен орны ашылды. Ынтымақтастық нәтижесінде шамамен 17 млрд теңге тартылды.
Көмірсутектер тұрғысынан геологтар шартты отынның болжамды ресурстары шамамен 76 млрд тонна болатын 15 шөгінді бассейн барын атады.
«90-жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-теңіз, Солтүстік Трува және де басқа кен орындары ашылды. Бүгінгі таңда ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті, Каспийдің терең қабаттарының әлеуеті әлі толықтай бағаланған жоқ. Бұл бассейн инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазіргі кезде көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге деген өздерінің ниеттерін білдіруде. Сондықтан да, жаңартылған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстары жандандырылуда», — деді министр.