Мемлекеттік органдар, әкімдіктер, квазимемлекеттік компаниялар биыл 128,6 млрд теңге үнемдейді. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары-қаржы министрі Ә. Смайылов мәлімдеді.
«Мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық холдинг мен ұлттық компаниялар жүргізген жұмыстарының нәтижелері бойынша, қысқартуға ұсынылған шығыстардың жалпы сомасы 128,6 млрд теңгені құрайды: оның ішінде орталық мемлекеттік органдар – 23 млрд теңге, өңірлер – 26,6 млрд теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілері 79 млрд теңге үнемдейді», – деді қаржы министрі.
Нақтылай кетсек, 4,2 млрд теңге – семинар, конференциялар өткізуден; автокөлік сатып алу, іссапар, өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеулерден– 15,7 млрд теңге, басқа да басымдыққа ие емес шығыннан 29,7 млрд теңге қысқартылады.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл жұмыстың бәрі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың басым емес шығыстарын қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау барсында атқарылып жатыр.