«Өркен» өндірісті өркендете ме?
«Өркен» ашылғанға дейін кәсіпкерлер тапсырысты үйлерінде орындап, гараждар мен басқа ғимараттарды жалға алып келсе, енді олар өз кәсібін екі қабатты ғимараттағы цехтарда жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Екібастұз қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Медет Шоқановтың айтуынша, кәсіпкерлердің ғимаратты жалға алуға қатысты қиындықтарға тап болуы жиі кездесетін. Сондықтан, шаһардағы наркологиялық диспансердің ескі ғимаратын жөндеп, оны бизнес өкілдеріне беру ұйғарылды.
Қазір мұнда 18 жергілікті тұрғын өз кәсібін алаңсыз жүргізіп отыр. Олар ағаштан бұйымдар, оның ішінде, жиһаз жасайды. Сонымен қатар, тұтынушыларға жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін ұсынып, полиграфиялық қызмет көрсететіндері де бар. Бұған дейін, 12 адам үйлері мен жалдамалы ғимараттарда бизнесін жүргізсе, 6 тұрғын жұмыссыздар қатарында болған.
«Шағын индустиялық аймақ қатысушыларының қатарында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Кәсіпкерлердің барлығы бірдей жалдау ақысынан босатылды. Тек жылу мен су үшін қыста бір шаршы метрге, шамамен, 500 теңге, жазда 100 теңге төлейді. Ал электр энергиясының құнын жеке есептегіш құралдардың көрсеткіштеріне сәйкес ай сайын төлеп отырады», – дейді Медет Шоқанов.
Бүгінде аталмыш аймақта бос орын қалмады. Себебі инфрақұрылыммен қамтылған ғимаратты жеңілдікпен алуға бәрі асық. Бұл ретте, кәсіпкерлерге де бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, өндіріс орындары үздіксіз жұмыс істеп, қазынаға уақытылы салық төлеуі тиіс. Сондай-ақ, жарты жыл аралығында кемінде бір жұмыс орнын ашуға міндетті. Әзірге бизнес өкілдерінің барлығы бұл талаптарды бұлжытпай орындап отыр.
Жергілікті әкімдік осы жылы-ақ «Өркен» шағын индустриялық аймағында, шамамен, 80 млн теңгенің өнімі шығарылады деп жоспарлап отыр. Жыл сайын бұл көрсеткіш 5 пайызға өсіп, соның есебінен, салықтық түсімдер 2 млн теңгені құрайды деген болжам бар.