Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Айнагүл Кәріпова аранайы баспасөз жиынында мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар мен жемқорлық туралы айтып өтті.
«2019 жылдың соңына қарай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін іске қосқан едік. Нәтижесінде 800 млн теңге ысырап болмай, үнемделді», – деді ол.
Бұл портал мемлекеттік сатып алу саласындағы бүкіл өзгерісті онлайн режимде көруге мүмкіндік береді. Бағаны қымбаттатып қою немесе өте арзан баға белгілеу, жеткізілім уақытын қысқарту, үнемі нақты бір жеткізушіге тапсырыс беріп отыру – бәрі айқын көрінеді.
«Мемлекеттік сатып алу бірыңғай жүйесінің деректеріне сүйене отырып, 2019 жыл қорытындысы бойынша, жемқорлыққа жол беруі ықтимал органдардың тізімі жасалды. Осы ондыққа білім беру саласындағы 7 мекеме кірді. Бұл – Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Тараз, Атырау, Орал және Алматы облысының білім басқармалары», – деді Кәріпова.
Бұл антирейтинг көшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бастап тұр.
Мемлекеттік сатып алу ел қазынасының шығынының басым бөлігін құрайды. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік бюджет шығыны 12 трлн теңгеден асса, соның 70 пайызы мемлекеттік сатып алуларға жұмсалған.
Былтыр агенттік осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 300 қылмысты анықтаған. Оның 70 пайызы жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қатысты болса, 20 пайызын орталық мемлекеттік органдар мен оларға қатысты ұйым қызметкерлері жасаған. Келген шығын көлемі – 2,5 млрд теңге.