Біртанов ШҚО-дағы шуға қатысты түсініктеме берді

Жарияланды (жаңартылды )
«Тұтыну нарығы» бөлімінің редакторы
Бұл стационарлар шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына арналған

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ШҚО ауылдарының стационарына қытайларды карантинге жатқызу туралы» ақпаратты жоққа шығарды. 

«Біз басқармаларға өз азаматтарымыз, сондай-ақ елімізде жұмыс істейтін Қытай азаматтары үшін ұжымдық қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз етуге  арнайы нұсқау бердік. Егер біздің азаматтарымыз немесе Қазақстан шекарасынан өткен басқа мемлекет азаматы инфекция жұқтырғаны анықталса, оған инфекциялық корпустың 20 орындық жеке тұрған ғимараты бөлінді «, – деді ол.

Министр атап өткендей, оған  ҚХР азаматтарын жатқызу мүмкін емес, себебі жолаушылар тасымалы үшін шекара жабық. 

Бұндай стационарлар еліміздің барлық облыстарында дайындалған. Біртановтың айтуынша, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе.

Айта кетейік, 19 ақпан түнде ШҚО, Зайсан ауданындағы Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары көшеге шыққан. Шекарада тұрған осы екі ауылдың амбулаториясына «Қытай азаматтарын әкеліп емдейді екен» деген ақпаратты естіген халық мән-жайды білу үшін медициналық мекеменің алдына жиналған.

Ал аудандық мәслихаттың өкілі тұрғындар ақпаратты дұрыс түсінбей қалғанын айтты. Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов аудан тұрғындарымен кездесті. 

Сондай-ақ оқыңыз