Жаңалықтар

Қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты

Айыпталушылардың үшеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендерге қатысты үкім шығарды. 

Ауданаралық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз  аң аулау, кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылған Серік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдеков өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Ал осы іске қатысы бар Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов табиғатқа үлкен шығын келтіріп, заңсыз аң аулағандары үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оларға аңшылықпен айналысуға 5 жылға тиым салынған. 

«Б. Ахметов, К.Ақшанов және Н. Шүкілдековтерден жәбірленуші П.Ницыктің пайдасына 500 000 теңге материалдық залал, 6 000 000 теңге моральдық зиян, ал жәбірленуші Н.Нұрғалиевтің пайдасына (қаза болған Е.Нұрғалиевтің інісі) – 500 000 теңге материалдық залал, 9 000 000 теңге моральдық зиян, жәбірленуші М.Нұргалиевтің пайдасына (қаза тапқан Е.Нұрғалиевтің баласы) – 1 890 000 теңге материалдық залал, 15 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді», – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, киікті заңсыз ату салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 89 763 750 теңге көлеміндегі залал барлық сотталушылардан мемлекет пайдасына өндіріледі, 

Айта кетейік, 2019 жылдың 19 қаңтар күні Қызылорда облысының тұрғындары заңсыз  ақбөкен аулаған. Қорғалатын аймақта қызметте жүрген «Охотзоопромның» қорықшысы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тауып, әріптесі Петр Ныцик ауыр жарақаттанған.