Мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындары электронды еңбек биржасына орналастырылады
Биыл мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындарын электронды еңбек биржасына орналастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша былтыр атқарылған жұмыстың қорытындысына арналған брифингте мәлімдеді.
«Біз электронды еңбек биржасына мемлекеттік қызметтегі вакансияларды ілуді жоспарлап отырмыз. Сонда елдегі бүкіл бос жұмыс орындары бір жүйеге жинақталады», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, enbek.kz биржасы іске қосылғалы бері, жұмысқа орналасқан азаматтардың қатары 17 пайызға артқан.
Сонымен қатар шенеунік «Электронды еңбек шарттарын есепке алу бірыңғай жүйесі» туралы да айтып өтті.
«Пилоттық жоба 2018 жылы қолға алынды. Қазіргі кезде бұл жүйеге 26 мың ұйым қосылған және 1,1 миллионнан астам электрондық шарт тіркелген. Бұл жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді, жұмысқа қабылдау процесін жеңілдетеді және жалған құжат жасаудың алдын алады. Биыл Еңбек кодексіне осы саланы цифрландыру жөніндегі түзетулер енгізілуі керек, Бұдан бөлек, жеке істерді толықтай автоматтандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – деп түйіндеді ол.