«Футбол клубтарын қазынадан қаржыландыруды тоқтату қажет» – депутат
Қазынадан бөлінетін қаржы кәсіби спортқа емес, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсалуы тиіс. Бүгін мәжіліс отырысында депутат Азат Перуашев осылай деп мәлімдеді.
«Бөлінетін қаржының 80 пайызы футболистерге кетеді. Жақында бір клубтың шетелдік бір спортшыны 5 млн еурға алу туралы келісімге қол қойғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл дегеніміз 10-20 спорт мектебінің бюджеті емес пе? Онда біздің жүзедеген жас спортшымыз білім алар еді. Сондықтан түрлі кәсіби клубтарды мемлекеттік қолдауға заңдық тұрғыда тиым салайық. Қаржының басым бөлігі футболға кетіп жатыр», – деді Перуашев.
Нақтылай айтқанда балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, оған қажетті инфрақұрылым салуды қолға алу қажет деп тұжырымдайды депутат.
Одан бөлек, депутат Норвегияны мысалға келтіріп өтті.
«Бұл да мұнайға бай ел. Бірақ олар футболдың соңына түсіп алған жоқ. Кеше шаңғыдан өткен әлем чемпионатында бүкіл алтынды осы норвегтер алды. Олардан бәрі қалып қалды, 10 алтынның бәрі осы елге кетті», – деді ол.
Бұндай жетістікке жетуінің себебі – Норвегияда шаңғы спортының кеңінен насихатталуы екен. Сондықтан біздің спорт министрлігі де бұқаралық спортты дамытуды қолға алуы қажет деп пайымдайды Перуашев.