Жаңалықтар

Шымкенттегі әскери бөлімнен қашқан сарбаз қаруды қалай ұрлаған?

Істің мән-жайы анықталды

Келісім-шарт негізінде жұмыс істеген сарбаз Абылай Балғынбай қару-жарақты бөлімнен қаңтардан бері  тасып жүрген. Бұл туралы үкімет кулуарында ІІМ тергеу комитетінің төрағасы Санжар Әділов мәлімдеді. 

«Қаруды қаңтардың соңынан ақпанның ортасына дейін қару-жарақ қоймасынан біртіндеп таси берген. Ал автоматтарды ұрлау үшін өзінің таныстарын жұмылдырған. Қару-жарақтың басым бөлігі 19-нан 20-на қараған түні ұрланған», – деді тергеу комитетінің басшысы. 

Әскери бөлімнен қашқан сарбаз 2 пистолетті 120 мың теңгеге сатып үлгерген. Олар бірден табылып, қайтарылған. Қалған қару-жарақ қашқынның достарының үйінде сақталыпты. 

Әділовтың айтуынша, үш лауазымды тұлға, яғни дивизия командирі, жедел кезекші және келісімшарт бойынша істейтін қатардағы қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.  Оларға әскери қызмет ережесін бұзып, қызметіне салғырт қарады деген айып тағылған. 

Ақпанның 19-нан 20-на қараған түні Шымкент маңындағы әскери бөлімде келісім-шарт бойынша қызмет ететін сержант Абылай Балғымбай өзінің екі досымен бірге 29 автомат, 28 тапанша мен екі сүңгі пышақты қолды еткен. Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің бірлескен жедел-тергеу тобы күдіктілерді ұстады, қару тәркіленген.

Қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі осы әскери бөлімдегі қару-жарақты қайта түгендеп жатыр.