Павлодардың көлік компаниялары жолаушы тасымалдаудан бас тартпақ
Жергілікті әкімдіктен бөлінетін өтемақы көлемі көбеймесе, 1 наурыздан бастап жолаушыларды жеңілдікпен тасымалдамайтынын ескертті.
Павлодар қаласында тұрындарға қызмет көрсететін ірі кәсіпорындар жергілікті билікке талап қойып, «қорқытып» алуды әдетке айналдырғандай. Қаңтар айында қоқыс шығаруға жауапты компания бірнеше күн бойы тұрмыстық қалдықтарды жинамай, қаланы қоқыс құрсауында қалдырса, енді қоғамдық көлік иелері «түрлі әлеуметтік топ өкілдерін тасымалдамаймыз» деп сес көрсетті.
«Өтемақы көлемін көбейтсін»
Павлодар қаласындағы қоғамдық көліктерде 17 әлеуметтік топ өкілдері жеңілдікпен қатынайды. Тасымалдаушы компаниялар оның 10 тобына жеңілдіктерді өз есебінен өтейді. Ал қалған 7 топ өкілдерінің тегін жүруі немесе жолақының жартысын ғана төлеуі үшін жергілікті әкімдік қаржы қарастырады. Айталық, өткен жылы екінші топ мүгедектері, жасы бойынша құрметті демалысқа шыққандар, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, атаулы әлеуметтік көмек алатын, көпбалалы отбасылардың балалары мен аналары жеңілдікпен жүруі үшін мемлекеттік қазынадан 335 млн теңге бөлінді. Ал биыл бұл мақсатқа 343 млн теңге қарастырылды. Алайда қоғамдық көлік қызметін ұсынушылар мұндай өтемақы «жыртығымызға жамау бола алмайды» дегенді алға тартып отыр. Тіпті, өтемақы көлемі артпаса, жеңілдік қарастырылған топтарды 1 наурыздан бастап тасымалдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Алты компанияның басшылары қол қойған ескерту хатты Павлодар қаласының әкімдігіне жолдады.
«Автобусты жөндеуге қажет бөлшектер, жанар-жағармай бағаларының өскенін ескерсек, бюджеттен бөлінетін өтемақы табыс әкелмек түгілі шығындарды толығымен жаппайды. Сондықтан 7 әлеуметтік топты жеңілдікпен, тегін тасымалдау үшін мемлекеттік қазынадан қарастырылатын сома көлемі көбейгенін қалаймыз. Өтемақы 700-800 млн. теңге төленуі керек», – дейді «Павлодар облыстық көлікшілер одағы» қауымдастығының президенті Василий Рудаков.
«Оған негіз жоқ»
Әйтсе де, жергілікті билік мұндай талаппен келіспейді. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің секторы меңгерушісі Гүлнар Амиралин тасымалдаушы компаниялардың талабына негіз болар құжаттық дәлелдердің жоқтығын айтты.
«Алты компания өкілдері қаржылай шығын мен жолаушылар санының көбейгенін алға тартты. Бірақ, олардың есептерін, сөздерін айғақтайтын құжаттар да, негіз де жоқ», – дейді Гүлнар Амиралин.
Сектор меңгерушісінің айтуынша, жеңілдікпен жүруге құқылы топ өкілдерінің санын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұсынады. Соның негізінде тасымалдаушы компанияларға төленетін өтемақы көлемі есептеледі. Бірақ «Павлодар облыстық көлікшілер одағы» қауымдастығының президенті Василий Рудаков мұндай есептеу жүйесі дұрыс емес деген пікірде.
«Күніне нақты қанша жолаушы қоғамдық көліктер арқылы қатынайтынын бізден артық ешкім білмейді. Жүргізушілер, кондукторлар олардың есебін жүргізіп, әкімдікке ұсынып еді, билік қабылдамай қойды», – дейді Василий Рудаков.
Ортақ мәміле
Бірнеше күндік келіссөздер нәтижесінде қос тарап ортақ шешімге келді. Соған сәйкес, 1 наурыздан бастап қоғамдық көліктер барлық әлеуметтік топ өкілдерін еш өзгеріссіз тасымалдайды. Есесіне Павлодар қаласының әкімдігі тиісті сертификаты бар арнайы компанияны жалдап, 1 мамырға дейін жолақының толық құны – 80 теңгені төлейтін жолаушылар легін жеке, тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен қатынайтындарды жеке есепке алады. Соған сәйкес, өтемақы төленетін болады.
Айта кетелік, қазіргі уақытта жеңілдік қарастырылған 7 топқа жататын 70 мыңға жуық тұрғынның жолақы шығындарын мемлекет өтейді. Егер қоғамдық көлік иелері оларды тегін немесе жеңілдікпен тасымалдаудан бас тартса, әкімдік пен компания арасындағы келісімшарт біржақты негізде бұзылуы мүмкін.