Елорданың таксопарктеріне 24 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Оларға «тарифті алдын-ала келісіп қойды» деген айып тағылған

Елорданың «Бірыңғай такси қызметі» тобына кіретін таксопарктері монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін қазынаға 24,4 млн теңге төлеуі тиіс. Осы себепті кейбір фирмалар жабылудың алдында тұр. «Астана көлік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне кіретін компаниялар такси қызметін көрсету саласындағы заңнама нарықтағы қазіргі жағдайға сай келмейді деп тұжырымдайды. Сондықтан кассациялық тәртіпте  шағым түсірмек. 

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің талап-арызы бойынша қозғалған азаматтық істі қарауды аяқтады. Сот құжаттарына сәйкес, «Бірыңғай такси қызметіне» кіретін он компания: «Taxi Zhebe» ЖШС, «Compass Energy» ЖШС, «Taxi altyn» ЖШС, «Vector Ast» ЖШС, «SB Group Astana» ЖШС, «Astana Taxi driver» ЖШС, «King Way» ЖШС, «Аруна Транс» ЖШС, «Арна-Медиа» ЖШС, КР «Кенгуру» Жолаушы тасымалдау» ЖШС-ларының қызметінде нарық талаптарына сай емес, бәсекелестікке қарсы іс-әрекет байқалған. Оларға Нұр-Сұлтан қаласында жолаушы тасымалдауға қатысты тарифті бәрі бір уақытта қымбаттатуға негіз болатын қаулы шығарды деген айып тағылады. Бұл жерде сөз бағыттың бастапқы бағасы туралы болып тұр. 

Сот шешімі бойынша, әр компания бағаны ақылдасып қойған уақытта тапқан табысының 100 пайызын, сонымен қатар кірісінің 3 пайызын айыппұл ретінде төлеуі тиіс. Сот қаулысын сараптай келе, оларға салынған айыппұлдың 150мыңнан басталып, 12 миллион теңгеге жететінін байқауға болады. Сонымен қатар, таксопарктерге ақпараттық-диспетчерлік қызмет көрсететін «Astana taxi service» ЖШС-на нарық заңына қайшы экономикалық қызметті үйлестіргені үшін 350 АЕК (883 мың теңге) айыппұл салу шуралы шешім шығарылды.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті сарапшылары бұйрықты алдымен дәл осы диспечерлік қызмет шығарып, кейіннен таксопарктерге таратылған деп тұжырымдайды. 

«Келтірілген фактілер такси қызметін ұсынатын компаниялар жеке-жеке шешім шығармай, керісінше бәрінің бірдей баға қоятынын байқауға болады. Бұл компаниялар арасындағы бәсекелестікті жоғалтады»,– делінген сот шешімінде.

Такси компаниялары монополияға қарсы комитет жарлығының заңдылығын Жоғарғы сотта даулауға тырысқан, алайда оларға мұндай мүмкіндік берілмепті. «Астана көлік қауымдастығының» басшысы Медет Құрмановтың айтуынша, қазір олар  айыппұлға қатысты шешімді қайта қарау үшін кассациялық сотқа шағымданбақ. 

«Біздің нарыққа қатысты құқықтық актілер ескірген. Заң тасымалдаушылардың тариф орнатуын талап етеді, сондықтан такси парктері бұл бұйрықты шартты түрде шығара салған. Бірақ нарық заңы баяғыда өзгерген: таңертең  бір тариф болса, түсте – басқасы. Дәл қазіргі сәттегі жолақысын алгоритм есептеп береді. Сондықтан мәселенің түп-тамырына үңілу керек, ал заңнама бұл саладағы өзгерістерге ілесе алмай келеді», – дейді Медет Құрманов. 

Қауымдастық басшының айтуынша, көлік компаниялары осы мәселеге қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу үшін «Атамекен» палатасына барып, өтініш білдіруге ниетті. 

 

Сондай-ақ оқыңыз