Жаңалықтар

Әлемдегі ең қымбат компанияның құны қанша?

Неліктен жеке инвесторлар оның бағалы қағаздарын сатып алуға асығар емес

Сауд Арабиясының мемлекеттік Saudi Aramco мұнай-газ компаниясы құнды қағаздарының IPO-ға шығарылуы – оны әлемдегі ең қымбат компанияға айналдырды. Ол тіпті Microsoft және Apple сынды технология алыптарының алдын орап кетті. Сауд Арабиясы кәсіпорын акцияларының бар болғаны 1,7 пайызын сатып, 30 миллиард доллар тапты. Алайда бұл IPO Saudi Aramco қожайындары күткендей табыс әкелмеді. 

Әлемдегі ең қымбат компания туралы не білеміз? Біріншіден, Saudi Arabian Oil Company –  көмірсутек өндіретін әлемдегі ең ірі компания. 2018 жылы ол тәулігіне 10,3 млн баррель мұнай шығарған, яғни әлем бойынша өндірілген көмірсутек шикізатының әрбір сегізінші бөшкесі осы компанияның үлесінде. 

Дәл сол жылдың қорытындысы бойынша, ең жоғары табыс тапқан да осы компания – 111 млрд доллар. Бұл сома мұнай өндіретін: ExxonMobil, Shell, BP, Chevron  және Total сынды ең ірі компаниялардың таза табысын қоса алғандағы қаржыдан асып түседі. 

Екіншіден, компания  әлемдегі ең ірі мұнай қорына иелік етеді. Нақты барланған мұнай қоры 256,9 млрд баррельден асып түседі. 

«2018 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, компанияның дәлелденген мұнай қоры бес ірі халықаралық мұнай компаниясының дәлелденген жиынтық қорынан шамамен бес есе артық», – делінген Saudi Aramco-ның IPO алдында шығарған жобасында. 

Үшіншіден, аталмыш компания – Сауд Арабиясы Корольдігінің ең негізгі өндірістік активі. Ал Сауд Арабиясы – Таяу Шығыста көшбасшылыққа үміткер ел және АҚШ-тың осы мазасыз аймақтағы стратегиялық серіктесі. Бұл аймақта осындай ірі мұнай алыбының құрылуына америкалық мұнайшыларының қосқан үлесі аз емес. 

 «Өркендеу ұңғымасы»

Saudi Aramco компаниясының тарихы 1933 жылдан басталады. Сол кезде Сауд Арабиясы мен америкалық Standard Oil корпарациясының мұрагерлерінің бірі  – Standard Oil of California (SOCAL) компаниясы концессиялық келісімге қол қойған. Бұл компанияның негізін атақты миллионер Джон Рокфеллер қалаған, SOCAL компаниясының атауы  кейін «Chevron» боп өзгертіледі. 

Осы ретте California Arabian Standard Oil Company (CASOC) деп аталған  еншілес компания-оператор құрылады. Ал 1935 жылы барлау жұмыстары басталып, үш жылдан кейін Даммам кен орнынан 1400 метр тереңдікте мұнай табылды. Табылған мұнайдың коммерциялық өндіру басталады. Бұл кен орнында 142 млн тонна мұнай мен 74 млрд текше метр газ бар деп бағаланған. Дәл осы Даммамнан Сауд Арабиясындағы мұнай дәуірі басталды.

Saudi-Aramco-Corporate-Overview-2019-English-3-01.png

1958 жылға қарай, Саудияда күніне 1 млн баррель мұнай өндіріле бастайды. Осы кезде  елдің шығыс бөлігін Жерорта теңізімен байланыстыратын 1200 шақырымдық мұнай құбыры салынып, соның арқасында Еуропаға мұнай тасымалдау құны арзандап, уақыты да күрт қысқарды. Сонымен қатар, Парсы шығанағының саудиялық бөлігінде Сафания деген үлкен кен орны ашылды, оның дәлелденген қоры қазіргі кезде 34 миллиард баррельден асады.

Араб-америка бірлескен кәсіпорны құрылғалы бері, Texaco, Exxon Mobil сынды белгілі компаниялар оның ортақ иесі болып үлгерді. Алайда арабтар компанияны америкалықтардан ақырындап сатып алды.

Алдымен компанияның «CASOC» атауы «Араб-америка мұнай компаниясы» болып өзгереді. Одан кейін компанияның штаб-пәтері Нью-Йорктан Дахран қаласына көшіріледі. 1973 жылы корольдік компанияның 25 пайыз үлесін сатып алса, келер жылы бұл көрсеткіш 60 пайызға жетті. Осылайша, 1981 жылы компания толығымен мемлекет меншігіне өтіп, ұлттық компанияға айналады. Arabian American Oil Company  компаниясының атауы 7 жылдан кейін Saudi Arabian Oil Company (Saudi Aramco) болып өзгертіледі. 

Компания тапқан қаржысын тек мұнай өндіруге ғана салып отырған жоқ, дайын мұнай өңдеу зауыттарын да біртіндеп сатып алды. Saudi Aramco зауыттарының өндірістік қуаты күнінен 4,9 млн баррельге жетеді. 
2018 жылы компания 355,9 млрд доллар табыс тапса, соның ішінде 44 пайызы газ-химия және мұнай өңдеуден түскен.  Компания бұнымен тоқтамай, өндірісті әртараптандыруға ниетті. 

IPO туралы әңгіме қайдан шықты? 

Сауд Арабиясының мұнайға деген тәуелділіктен арылуы туралы әңгіме – көп жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Алдайда нақты іске көшу, түбегейлі өзгерістер 2016 жылы мұнай бағасы күрт құлдырап, корольдік шетел валютасында түсіп тұратын кірісінің басым бөлігінен айырылғаннан кейін ғана қолға алынады. Сол кезде корольдік Aramco компаниясы акцияларының бір бөлігін IPO  арқылы сатуды көздеп отырғанын жариялады. Бұдан түскен қаржы мұнайға қатысы жоқ салаларды дамытуға жұмсалмақ. 

Одан бөлек, экономикалық реформалардың кешенді жоспары ретінде «Vision-2030» ұзақ мерзімді даму бағдарламасы қабылданды. Бірнеше айдан кейін мұрагер ханзада, Сауд Арабиясы премьер-министрінің орынбасары және қорғаныс министрі Мұхаммед бен Салман «Saudi Aramco» компанясының құны – 2 трлн доллар, оның 5% үлесін сату арқылы үкімет 100 миллиард доллар пайда табуға ниетті» деп мәлімдеді.
Алайда, ұлттық компания акцияларын сату мен қолға алынуы тиіс реформалар елдің бәрінің көңілінен шықпады. Мұнайшылар Aramco бір баррель мұнай өндіруге 5 доллар жұмсап, оны 10-20 есе қымбатқа сататынын түсіндіруге тырысты. 

«Сауд Арабиясы дәл осындай қырғын пайда  үшін, мұнайдан басқа қай салаға инвестиция сала алады?», – деп сауал тастаған еді. 

The Wall Street Journal басылымының дерегі бойынша, корольдіктің энергетика министрі Халид аль-Фалих  елдегі ең беделді компанияны америка заңнамасына сәйкес, акционерлері сотқа беру ықтималығы туындайтынын ескерткен. Өйткені соның алдында ғана Нью-Йорктің бас прокуратурасы климаттағы өзгерістерді жасырғаны үшін мұнай компанияларын сотқа берген болатын. Оның үстіне мұнай бағасы құлдырап жатқанда компания акциялары аса жоғары бағаланбайды деп есептеп, IPO-ны кейінге қалдыра тұруды ұсынады. 

2018 жылдың тамыз айында Сауд Арабиясы королінің шешімі бойынша IPO-дан бас тартатындары жарияланды. Алайда қолға алынған реформалар жалғасын тапты. 2017 жылдың күзінде-ақ, қатарында ханзада, бизнесмен мен шенеунік бар, 300-ден аса жоғары лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу аясында ұсталып, Эр-Риядтағы Ritz-Carlton қонақ үйінде қамауға алынған. Қамауға алынғандардың бір бөлігі өздерінің таза екендерін дәлелдей алғанымен, басым бөлігі кінәларын мойындап, істі сотқа жеткізбей реттеуге келісіп, мемлекетке келтірген шығынның өтемақысы ретінде жалпы сомасы 100 млрд доллар қаржыны қазынаға құяды. 

Халық алғашында  биліктің жемқорларды қыспаққа алғанына риза болғанымен, сонымен бір мезетте жанармай, су мен жарық бағасы екі есе қымбаттағанына аса қуана қойған жоқ. Бұл шара тұрғындардың қалтасына салмақ салып, жеке секторға кері әсерін тигізді. 

Реформа үшін 

Дегенмен, ел тұрғындарының 60 пайызын 30 жасқа жетпеген жастар құрайтындықтан, елдегі әлеуметтік өзгерістер корольдік халқының басым бөлігінің көңілінен шықты. Әйелдерге көлік айдауға рұқсат берілді, фильм мен спектакль көрсетуге, спорттық іс-шараларды өткізуге салынған тиым жойылды. 

«Vision-2030» бағдарламасына сәйкес, тек  2020 жылдың өзінде 150-ге жуық көркем галерея, кинотеатр, аквапарк, мұражай, көпшілік кітапхана ашу жоспарланған. Даму жоспары сондай-ақ, тұрғын үй саласын, қаржы секторын, салық заңнамасын реформалауды көздейді.

Бұдан бөлек, Үкімет елдің солтүстік-батысында, Қызыл теңіздің жағалауында жалпы ауданы 25 мың шаршы шақырым болатын Неом   футуристік қаласын салуға ниетті. Жоба құны  – $500 млрд. Тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Неом қаласы  корольдіктің «XXI ғасыр елі» атануына ықпал етеді деп пайымдайды. Ендігі жерде мемлекет бүкіл әлемдегі дін мен дәстүрге ашық болады деп уәде берді. 
Алайда бұл жобаның бәрін жүзеге асыру үшін орасан қаржы керек. Ал оны тек мемлекеттік меншікті жекешелендіру арқылы ғана табуға болатындықтан, осы ретте Saudi Aramco-ның IPO-сына қатысты мәселе де шешіледі.

Желтоқсан айында бағалы қағаздарды алғашқы орналастыру  кезінде инвесторларға жалпы құны $25,6 млрд болатын 1,5 пайыз акция сатылды. Немесе әрбірі 8,53 долларға бағаланған 3 млрд акция сатылымға шығарылды. Нәтижесінде Aramco $1,7 трлн долларға бағаланып, Microsoft және Apple сынды қымбат компаниялардан асып түсті. 

Бағалы қағаздар Саудияның Tadawul (Эр-Рияд) қор биржасында ғана орналастырылып, оған тек корольдіктегі ең бай отбасылар, сондай-ақ Кувейт пен БАӘ-нің қорлары қатысқан. Араға біраз уақыт салып тағы да 450 млн акция 3,8 млрд долларға сатылады да, соның арқасында IPO көлемі $29,4 млрд жетеді. Ал Saudi Aramco компаниясының жалпы құны $1,87 трлн жетеді.  

Компанияның табысы жоғарылығына қарамастан, көптеген инвесторлар Aramco-ның құнды қағаздарын сатып алудан бас тартты. Сарапшылар инвесторлардың қызығушылық танытпауын акциялардың құны тым жоғары, ал компания бұрынғысынша биліктің бақылап отыруымен байланыстырады. Сондықтан миноритар акционерлердің өздері қалаған дивидентке қол жеткізе алмай қалу қаупі басым.