Суармалы жер көлемін арттыруға не кедергі?

Жарияланды
Қазақстандық фермерлер қалпына келтірілген суару жүйесін пайдалануға құлықсыз

Қазіргі кезде Қазақстандағы суармалы жер 1,4 млн гектарды құрайды. Бұл – жалпы ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылатын жердің үштен бір бөлігіне де жетпейтін аумақ (4,9 млн га). Алайда елімізде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің жартысына жуығы, нақты айтсақ, 42 пайызы – дәл осы суармалы жердің беретін жемісі. 

Осы себепті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдан суғару жүйесін қалпына келтіру арқылы суармалы жерлерді көбейтуді қолға алған. Бұл  жұмыс 2018 жылы басталып, еліміздегі суармалы жер көлемі 2021 жылы  – 2 млн гектарға, ал 2027 жылға қарай – 3-3,5 млн гектарға жетуі тиіс. Бұл жоспар негізінен солтүстік облыстарды қамтиды: қолдан суғару жүйесін қалпына келтіру бұл өңірлерде мал шаруашылығына қажетті жем-шөп өндірісін арттыруға ықпал етеді деп жоспарланған.

Елдің оңтүстік аймақтарында суармалы жерлерге қатысты жағдай біршама жақсы, мәселен, Түркістан облысында суармалы жердің үлесі 38 пайыз болса, Алматы облысында бұл көрсеткіш 29 пайызды құрайды. Ал Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығына қолайлы жердің 14 пайызы суармалы жер болса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш – 8%. 

Қазіргі тариф қандай?

Жалпы, Қазақстанның суару жүйесі қатты ескірген, егіс басына жеткенше судың 30 пайызы жерге сіңіп, жоқ болады. Ал шаруаға осы «жоғалған» су үшін де төлеуіне тура келеді. Сондықтан су бекерден-бекер ысырап болмас үшін, мемлекет инфрақұрылымды жаңартуды өз мойнына алды.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың мәліметтері бойынша, еліміздің  солтүстігінде 2017-2018 жылдары 80 мың га жердің суғару жүйесі қалпына келтірілген. Ал 2019 жылы 124 мың гектар аумақтағы жүйені қалпына келтіру жоспарланғанымен, тек 66 мың гектар қамтылған. 

«Бұл халықралық ұйымдардан қаржы тартуда туындаған түйткілдерге байланысты, –  дейді Громов. – Тағы бір мәселе –«Қазсушаруашылығы» РМК-ның халықаралық қаржы ұйымдарынан алған қарызын өтеуге  байланысты тап болған  қиындықтары. Сонықтан қазіргі тариф саясатын қайта қарау қажет», – деген ол, суару жүйесі қалпына келтірілген жерде суару құнының қымбаттайтынын жоққа шығармады.

Елдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі суғару тарифіндегі айырмашылық жер мен көктей: оңтүстікте  1 кубометр судың бағасы – 0,5-0,7 теңге болса, ал солтүстікте бұл баға 16 теңгеге жетеді.  

Суармалы жерге шаруалар тарапынан сұраныс болмауына басты себеп – осы. Экология министрлігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы суғару жүйесі қалпына келтірілген 80 мың гектар жердің тек 49 мыңы ауыл шаруалығында пайдаланылып жатыр. 

Бұл жағдайды тек су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы өзгертуге болады. Алайда бұған да қомақты қаражат керек. Бұл ретте Громов мырза жергілікті атқарушы билік бастамашы болуы тиіс деп тұжырымдайды. Олар фермерлермен бірлесе отырып, өңірде қанша гектар жерде суғару жүйесін қалпына келтіру қажет және ол жерден бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкіндігін есептеуі тиіс. 

«Суғару жүйесін одан әрі дамыту мен қайта жаңғырту жоспары жергілікті әкімдіктер суармалы жерді су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып дамыту жобасын ұсынғаннан кейін ғана жасалады. Бұл жұмыс  біздің министрлік әр әкімдікпен жеке-жеке келіскен соң басталады»,– деді вице-министр. 

Өйткені вице-министрдің айтуынша, қолда бар суармалы жердің өзін толық пайдаланып жатқан жоқпыз: 

«Трансшекаралық өзендердегі суды бөлу мәселесі талқыланған кезде, қытай тарабы Ертіс, Іле, Сүмбе, Еміл өзеніндегі үлесімізді азайтуды талап етіп, дегеніне көндіргісі келеді. Біз қытайлармен келісімнің әр пункті үшін айтысып-тартысамыз, ал әкімдіктер осы жерді игеретін шаруа жоқ деп, аузын қу шөппен сүртіп отырады». 

Суды қалай үнемдеуге болады?

Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мәліметтері бойынша,1 тонна күріш өсіру үшін әлемде орта есеппен 5 мың метр куб су жұмсалса, Қазақстанда оның көлемі 10,4 мың метр кубқа жетеді.  Ал 1 тонна мақта өсіру үшін 3 мың куб су қажет болса, біздің ел 4,3 мың куб су  шығындайды. Тамшылатып суару жүйесін енгізу еліміздің солтүстігі мен оңтүстігінде де суғаруға кететін суды азайтады, демек шаруалардың шығын  қысқартуға мүмкіндік береді.  

Осы мәселенің тағы бір шешімі – топырақта ылғалды ұстап тұратын технологияларды пайдалану, ол «арзан» су алуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз –  су қоймалары жүйесін қалпына келтіру және кеңейту. Осы әдіс су тасыған кезеңде, су шамадан тыс көбейгенде шақта ылғалды жинауға мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде оны ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуға болады. 

 2018 жылы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров  республиканың 7 өңірінде: Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстарында 22 жаңа су қоймасын салу бойынша әзірленген техникалық-экономикалық негіздемені таныстырған еді.

Былтыр Қазақстанда апаттық жағдайда тұрған 5 су қоймасын жөндеуге 6,5 млрд теңге бөлінді деп айтып өтті Громов. Оның екеуі республиканың солтүстігінде орналасқан, үшеуі – Түркістан облысында, бес су қоймасының төртеуі осы жылдың аяғына дейін жаңартылады. Атап айтқанда, биыл жыл соңына дейін Қ.Сәтпаев атындағы каналдың №4 гидротүйініндегі №87 платина қайта жаңғыртылады. Оны экология министрлігінің мамандары жер суару тұрғысынан қолайсыз деп санайды.

«Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың қуаты 100 мың гектар аумақты суаруға мүмкіндік береді, ал бүгінде оның бойында  небәрі 8 мың гектар суармалы жер жатыр. Сондықтан Павлодар және Қарағанды облысы әкімдіктері суармалы ауыл шаруашылығын дамытуды осы каналдың айналасында жүзеге асыруы керек», – деп атап өтті Громов.

Сондай-ақ оқыңыз