5 наурыз күні ОПЕК – мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мұнай өндіру көлемін 2020 жылдың екінші тоқсанында тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін қысқартуға уағдаласты. Яғни, ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мұнай өндіруді тәулігіне 1 миллион, ал картельге кірмейтін елдер 500 мың баррелге дейін қысқартуы тиіс. Алайда мұндай келісімге Ресей тарапы қарсы көрінеді. Тап қазіргі таңдағы күші бар келісім бойынша, қатысушылар тәулігіне 1,7 млн баррельден төмен көлемдегі мұнай өндіруі тиіс. Бұл квота 2020 жылдың сәуіріне дейін жарамды.
Мұнай өндіруді қысқарту әлемді жылдам шарпып кеткен коронавирусқа байланысты болып отыр. Бұл 2008 жылғы әлемдік дағдарыстан кейінгі (тәулігіне 4,2 млн баррелге дейін азайған) мұнай өндірудің ең ірі деңгейдегі төмендеуі деп бағалануда. Себебі, ОПЕК әлемде мұнайға деген сұраныс азайды деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирус таралған елдерде кәсіпорындар жұмысы тоқтаған және баяулаған, іскерлік қарым-қатынастар деңгейі төмендеген, адамдар болса саяхатқа шығуды тоқтатқан. Осы факторлар қара алтын сатып отырған елдердің өндіріс көлемін төмендетуіне әкеліп соғуда. Сауд Арабиясы бастаған бірқатар елдер қолдағанымен, алайда Ресей өндірісті азайтуға түбегейлі қарсылық танытуда. Олар мұнай өндіру көлемін төмендетуге қарсы емес, бірақ ОПЕК талап еткендей қысқартпайды. Осындай пікір қайшылығына байланысты Ресейдің энергетика министрі Александр Новак сәрсенбі күнгі ОПЕК+ мониторингтік комитетінің отырысының аяқталуын күтпей кетіп қалған.
Соған қарамастан ОПЕК өз дегенінен қайтпауы және мұнай өндіруді тәулігіне 1,5 млн баррель деңгейіне дейін түсіруі мүмкін. Бұл туралы Иранның мұнай министрі Бижан Намдар хабарлаған болатын. Жұма күнгі ұйым отырысы басталмай жатып ақ Ресейдің мұнайды қысқартуды қаламайтыны белгілі болды.
Осыдан соң мұнай бағасы соңғы үш жылда болмаған құлдырау шегіне жетіп, барреліне 50 доллардан төмен түсіп кеткен. 6 наурыз кешіндегі мәлімет бойынша, лондондық ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 46,26 долларға дейін арзандаған. Соңғы рет мұнай бағасы 2017 жылдың 26 маусымында 46 доллардан төмен бағада саудаланған еді.
Осыған дейін америкалық әйгілі қаржы конгломераты Morgan Stanley «егер ОПЕК пен оның серіктестері ортақ шешімге келе алмаса, онда мұнай бағасының 30 пайызға дейін құлдырап кететінін» айтқан еді. Ақпаратты Bloomberg таратқан. Мұндай жорамал 2019 жылдың қараша айында жасалған. Сол кезде мұнай әлемдік нарықта барреліне 62-63 доллардан сатылып жатыр еді. Morgan Stanley сарапшыларының сөзінше, егер жағдай осылай өріс ала берсе, 2020 жылы нарық шикізат тапшылығына тап болуы ықтимал.
Әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі Сауд Арабиясының Saudi Aramco мұнай компаниясының дерегінше, саудия мұнайының өзіндік құны әлемдегі ең төменгі бағаның бірі саналады – барреліне 17 доллар. Ал қазақ мұнайы әлемдегі қымбат «қара алтын» болып есептеледі екен. Құрлықтық жобалардағы мұнайымыз 46 болса, теңіз бетіндегі мұнай 51 долларға бағаланған. Мұнайдың өзіндік құны тұрғысынан Иран, Ирак, БАӘ елдері де бізбен теңесе алмайды.
Әлемдік мұнай бағасының дәл бұлай арзандап сала беруі Қазақстан экономикасына да теріс әсерін тигізері белгілі. Өйткені біздің елдің экономикасы мұнайдан түскен табысқа тікелей тәуелді. Бюджеттің басым бөлігін мұнайдан түскен қаржы құрайды.
Бұл өз кезегінде:
• мұнай өнімдерінің, азық-түліктің қымбаттауына;
• ұлттық валютаның одан әрі арзандай түсуіне;
• халықтың төлем қабілетінің әлсіреуіне;
• шетелдік инвесторлар ағынының тежелуіне;
• экспорт көлемінің азаюына әкеліп соғады.
Біздің байқауымызша, Ресей коронавирусті уақытша эпидемия деп бағалап, мұнай өндірісін қысқартуға тәуекел етпей отырған секілді. Егер солай болса, жақсы, әрине. Бірақ мұнай бағасының барреліне 50 және одан төмен бағада ұзақ уақытқа қалып қоюы экономикаға соққы береді.
Еске салсақ, былтыр Қазақстан 90,4 миллион тонна мұнай өндірген. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан 2025 жылы мұнай өндірудің жылдық көрсеткішін 105 млн тоннаға дейін жеткізуді қалайды. Осындай қарқынның арқасында (бәлкім, кесірінен) елімізде өндірілетін мұнай өнімдерінің көбін өзіміз тұтынбаймыз да. Былтырдан бастап Қазақстан бензинді экспортқа шығара бастады. Ай сайын 30 мың тоннаға жуық жанармай сыртқа тасымалданып отыр.