Көктемнің екінші аптасы қазақстандықтардың ерекше алаңдаушылығын туғызумен басталды. ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқарту жайлы ортақ келісімге келе алмауы Қазақстанда теңге бағамының қымбаттауына әкеп соқтырды. 9 наурыз күні таңертең еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде бір АҚШ доллары 395-397 теңгеден сатылған.
Бұған дейін жазғанымыздай, ОПЕК елдерінің мұнай министрлері және картелге кірмейтін бірқатар елдер, оның ішінде Ресей, Қазақстан да бар, мұнай өндірісін қысқарту туралы ұсынысты мақұлдай алмады. Әсіресе, Сауд Арабиясы мен Ресейдің пікір қайшылығы әлемдік нарықтағы жағдайды ушықтырып отыр. Қысқасы, мұнай бағасының күрт құлдырап кеткенін қаламайды, сол себепті «қара алтын» өндірісін барынша азайтайық деген ұсыныс айтқан.
Ал Ресей болса, тап қазіргі өндіріс көлемінен бас тартқымыз келмейді деді. Ақыры сол айтқандарынан қайтқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, егер теңге бағамы 400-дің маңайынан алыстамайтын болса, онда Ұлттық банк валюта курсын тұрақтандыру үшін интервенция жасауы мүмкін. Расында, бүгін үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев регулятор пайыздық мөлшерлемені 12 пайызға дейін көтеріп, валюта интервенциясын жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Осы жағдай туралы Телеграмдағы Tengenomika каналы былай деп пікір білдірген:
«Мұнай бағасының барреліне 30-35 долларға дейін төмендеп кетуі шындап келгенде ешкімге де пайдалы емес. Саудияға да, Ресейге де, АҚШ-қа да және бізге де. Ресей мен Сауд Арабиясының арасындағы қайшылық – мұнай экспорттаушы елдерге берілген үлкен соққы болды. Бұл дағдарыс ұзаққа созылмайды. 18 наурыз күні ОПЕК+ елдерінің техникалық комитетінің отырысы өтеді. Сол кезде келіссөзге қатысушылар бұған дейінгі райынан қайтып, өндірісті қысқартуға уағдаласуы мүмкін» деп жазылған.
Экономист Арман Байғановтың сөзінше, еліміздегі әлеуметтік бағдарламалар жағдайды ушықтыруы мүмкін.
«Қазақстан қазір әлеуметтік бағдарламаларға көп қаржы бөлуде. Бізде шағын, жеңілдетілген бизнес бойынша несие бағдарламалары бар, шағын бизнесті қолдау үшін үш жылға дейін салықты алып тастады. Осының бәрі экономикаға өз әсерін тигізеді. Сондықтан ел экономикасына ішкі фактор көбірек әсер етпек. Мұнай экспорттаушы елдердің бір-бірімен келісе алмауы, келісімді жасырын түрде орындамай жүруі ОПЕК-тің тарап тынуына да соқтыруы ықтимал. Қазір домино ұстанымы жүріп жатыр. Мұндай кезде тек мықты мұнай компаниялары ғана өмір сүруін жалғастырады» дейді ол.
Белгілі экономист Сапарбай Жұбаев та әлеуметтік желідегі парақшасында пікір қалдырған.
«Саудия ОПЕК+ ұсынысын қолдамағаны үшін АҚШ, Ресей, Қазақстанды мұнай нарығынан шеттету мақсатында Брент бағасын барреліне 32 долларға дейін төмендетті. Әлем қаржы биржаларында үлкен қобалжуларға себеп болды. Ресей рублі Forex саудасында 1 долларга 64-тен 73-ке дейін құнсызданды.Ертең Ресей және Қазақстан биржаларында біраз нәрсе анық болады. Өзгеріс біраз болады. Бірак теңге бағамын 395-400-ден асырмау керек. Мұнай бағасы бір апталар ішінде 40-45 долларға шығуы күтілуде. Себебі, 40-тан төмен баға АҚШ, Ресей, Қазақстанға тиімді емес. Ұлттық банк әрекетіне байланысты. Біраз долларды биржада сатса, қалыпты жағдай сақтауға болады. Ресей Орталық банкімен бірге айырбастау бағамын келісімді дәрежеде ұстау шарт. 1 рубльді 5,5 теңгеден түсірмеу керек.Қарапайым халық айырбастауға жүгірмей, сабыр сақтаса жақсы болады» деп жазады маман.
Дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы валюта айырбастау бекеттерінің біразында долларды сатып алу – 394, ал сату құны – 400 теңге деп көрсетілген. Kurs.kz сайтының мәліметінше, бүгінгі күннің орташа теңге бағамы 397-ні маңайлайды.
Телеграмдағы Tengenomika каналы сарапшыларының айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 12 пайызға дейін көтеруінің екі қыры бар.
«Базалық мөлшерлеменің ұлғаюы теңге курсының және инфляцияның тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Бұл ретте жағдайды «директивті» жолмен емес, нарықтық жолмен реттеу қадамы қуантады. Ал базалық мөлшерлеменің кері әсері қандай? Мұндай сәтте несие ресурстарының құны қымбаттап, экономиканың шынайы секторындағы инвестициялық белсенділік төмендейді. Мұндай жағдайда өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, транспорт және экономиканың өзге де салаларындағы кәсіпорындарды қолдауға бағытталған үкіметтік шаралар маңызды рөл ойнайды» деп жазады олар.