Қазақстанда Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қызметтен кетті
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов қызметінен босатылды. Сол үшін сенат қабырғасында дауыс беру шарасы өтті.
Сенат төрайымы Дариға Назарбаева Мелдешовты атқарған жұмыстарына ризашылық білдіріп, шығарып салды.
Сондай-ақ, сенаторлар Жоғарғы сотқа Нұрғазы Әбідіқановты, Марғұлан Бектұрғановты, Шолпан Даниярованы тағайындады.
Нұрғазы Әбідіқанов 1962 жылы туған. Заң саласының білікті маманы. 22 жылдық тәжірибесі бар маман Алматы қалалық сотының судьясы болып 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Марғұлан Бектұрғанов 1969 жылы туған. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «құқықтану» мамандығын меңгерген. 22 жылдық сот саласында тәжірибесі бар маман осыған дейін, Атырау облыстық сотының төрағасы болды.
Шолпан Даниярова да 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «құқықтану» мамандығын меңгерген. 21 жылдық тәжірибесі бар маман осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы экономикалық ауданаралық сотының төрайымы болып қызмет атқарды.
Сондай-ақ депутаттар Конституциялық кеңестің мүшелігіне Шапақ Ұнзыны қайта сайлады.