«Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады» – Президент коронавирус пандемиясына қатысты мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Тwitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында ДДСҰ-ның коронавирусты «пандемия» деп жариялауына қатысты мәлімдеме жасады.
«ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс.Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы. Біз қиыншылықтарды #Birge еңсереміз», – деді президент.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус әлемде COVID-19 инфекциясының кең таралуына байланысты коронавирусты «пандемия» деп жариялаған еді.
«Біз COVID -19-ға қатысты қалыптасқан жағдайды пандемия деп сипаттауға болады деген қорытындыға келдік»,–деді ол Женевада өткен баспасөз мәслихатында.