«Сен адам болсаң, мұрнымды кесіп берейін» немесе неге үшке оқығандар үздіктерді басқарады?
Мектепте бұзық болғаны үшін жиі бұрышқа тұрған, соңғы партада ұйықтап отыратын, «болған істің бәріне кінәлі Қожаның» рөлінде жүргендер уақыт өте келе табысты жанға айналып жатады. Ең қызығы, олардың қол астында жұмыс істейтін – үздік оқушылар. Бұл қалай болғаны?
Интеллект деген дүние өте абстракт келеді. Яғни сіздің үшке не беске оқығаныңыз интеллектіңіздің анық көрсеткіші бола алмайды. Үздік баға көбіне белгілі бір саладан хабардар екенін, қабілетін білдірсе керек. Өйткені жетістікке жету жолында сол іске деген құштарлық пен жоғары эмоционал интеллект қажет. Құлдыраудың не сәтсіздіктің дәмін сезіну, оған бола сынып кетпей, сабақ алу перфекционистерге оңай емес. Ал беске оқығандардың дені – перфекционист.
Нашар оқығандар көбіне ерекше ойлайтынымен ерекшеленеді. Мысалы сабақта белгілі бір ережелер айтылып, оны еш өзгертуге, бұзуға болмайды деп үйретеді. Үздіктер сол күйі жаттап алса, үшке оқитындар «бұзып көрсе не болады» деп тәжірибе жасаудан қорықпайды. Соның арқасында сыни ойлау, шешім шығару сынды қабілеттер дамиды. Әлбетте, беске оқығандар орынбасар болады, оқу нашар болғандар бастық болады деп 100 пайыз сеніммен айта алмаймыз. Сол сияқты күнделіктегі «5» пен дипломның қызыл түсі сіздің топ жаратыныңызға кепілдік болмайды. Ендеше, үлгерімі нашар балалардың бірнеше ерекшелігіне тоқталайық.
Білім жүйесін сынай біледі
Олар ағысқа қарсы жүзуден тайсалмайды. Өйткені ұстаздарының онсыз да оған көңілі толмайды. Сол себепті еш қорықпай пікірін айта салады. Өтіп жатқан тақырып ұнамаса, жасырмайды. Өзіне қажет емес деп есептесе, оқымай қоя салады.
Қатып қалған қағидаға сүйенбейді
Оқиғаны жақсылап сараптай алады. Шектеулерге сыни көзқараспен қарап, қолайына келмесе бұзып көруден тайсалмайды. Мысалы олар үшін «болмайды дедім, болмайды» деген түсінік жоқ. Үздіктер болмайды дегенге келісіп, істесе не болады деп бас қатыра бермейді. Нашар оқитындар басқаның сүрлеуімен жүргенді қаламағандықтан, жолды өздері іздеп, өздері табады.
Мұғалімге жағыну – оларға жат қылық
Беске оқитындар үнемі мұғалімнің сүйікті оқушысы атанып, сол атаққа лайық болайын деп көңілге қарап жүреді. Тіпті үдесінен шығу үшін артық энергия шығындауға бар. Ал үшке оқитындар, керісінше, ешкімге жағынбайды, мақтау есту үшін қаламаған дүниені жасамайды. Бірақ бұл жерде ескеру керек жайт – ұстазды қай кезде де сыйлау қажет.
Бағадан басқа да ойлайтын нәрсе көп
Тек «5» алуға тырысып жүретіндердің көбі сол сәтпен ғана өмір сүреді. Болашағын елестетуге асықпай ма, әлде қорқа ма белгісіз. Үлгерімі төмен оқушылар болса, стратег келеді. Қалай десеңіз, бағаның соңынан қуып жүрмей, ересек өмірге ерте араласады. Мәселен қосымша жұмыс істейді, орта көреді, ақша табудың жолын әу бастан үйренеді. Осылайша кейін ұжымға сіңісу оған оңайырақ болады.
Қателесуден қорықпайды
Расында нашар оқитындар батылдау. Жолдағы тосқауылдан қорықпайды. Жолы болмай қалып, жоспарының күл-талқаны шықса да езілмейді. Қайта содан сабақ алып, өзіне сенімді бола түседі. Табыс дегеніңіз ғылымдағы қағидаларды жақсы білу арқылы ғана есептелмейді. Жетістікке жету үшін тіл табысу білу, креатив ойлау білу қабілеті өте қажет.
Үшке оқығанның бәрі топас емес
Біз айтып отырған табысты адамдар білім алудан қашпайды. Яғни барлық нашар оқығандар жетістікке жетеді демейміз. Бұл ретте білуге, дамуға құштар жандарды ғана айтып отырмыз. Үздік оқитындардан сәл ғана айырмасы сол – олар өзіне ұнайтын саланы таңдайды, «бір жерден тесіп шығам-ау» дегеніне қорықпай бағыт алады. Бүйрегі бұрып тұрса, сол салаға машықтана алса ғана кіріседі.
Ақыры нашар оқығандардың қол астында жұмыс істеу тағдырына жазылар болса, оқып не керек демеңіз. Бұл жерде бастысы, дұрыс бағыт алу, қажетсіз дүниелерден бас тарта білу қажет. Бағада тұрған ештеңе жоқ. Алған білім болашақта пайдасын тигізуі шарт. Олай болмаса, бос білімнің керегі қанша? Білімнің түбіне жеткен ешкім жоқ. Бәрін оқып, біліп, адам біткеннің барлығына ұнау мүмкін емес. Сондықтан ата-аналар баласына мектептегі білім беру бағдарламасын жаттатумен емес, оның болашағына пайдалы инвестиция құюды ойлауы тиіс.