Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан теңге одан әрі әлсіреп кетті. Сауд Арабиясы мен Ресей арасындағы текетірес қазір жағдайды ушықтырып тұр. Ресейдің мұнай өндірісін қысқартуға қатысты қарсылығынан кейін ашуға булыққан Сауд Арабиясы «қара алтын» өндірісін көбейтіп жіберді. Saudi Aramco-ның хабарлауынша, арабтар бастапқыда өндіріс көлемін 9,5 миллион баррелден 12,3 миллион баррельге дейін арттыратыны туралы мәлімдеген. Бірақ олар бұл көлемді біржола тәулігіне 13 млн баррелге дейін жеткізуі ықтимал.
13 наурыз күнгі дерек бойынша, Brent мұнайының бағасы 7,9 пайызға дейін құлдырап, қазір барреліне 33 доллардан төменгі шекте сатылып жатыр. Дәл осы сәттегі ресми курс – бір доллар 399,24 теңгеге тең. Бірақ таңнан бері бірқатар валюта айырбастау бекеттерінде доллар 409 теңгеге дейін саудаланған. Теңге бағамының құлдырауына байланысты Ұлттық банк 10 наурыз күні тағы да интервенция жасады. Тағы да дейтініміз еліміздің бас банкі валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатындағы осынау әрекетті бұған дейін де бірнеше рет жасаған. Ал интервенция дегеніңіз – теңге курсын тұрақты ету үшін миллиардтаған қисапсыз қаржы жұмсау.
«Жаһандық қор және валюта нарығындағы жағдай шиеленісіп тұр. COVID-19 коронавирусының таралуы, сондай-ақ ОПЕК және ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқартуға байланысты келісімге келе алмауы әлемдік экономиканың қарқынын баяулатып тастады. 2020 жылдың 6 наурызында 1 баррель мұнай бағасы 50 доллардан 35-ке дейін төмендеді. Дамушы нарықтағы валюталар, оның ішіндегі Қазақстанның сауда серіктестері де қиындыққа тап болды» делінген банк мәлімдемесінде.
Интервенция жағдайында қаржылық тұрақтылық қолдан жасалады. Яғни, қаржылық қадағалаушы (Үкімет) валютаның көп бөлігін бір уақытта сатады және сатып алады. Өткен айда Ұлттық банк 94 миллион доллардан астам қаржылық сату және сатып алуды жүзеге асырған. Интервенция биржа нарығында алтын валюта активі есебінен жүргізілген. Жоғарыда айтқанымыздай интервенция осыған дейін де бірнеше рет жасалды. Атап айтар болсақ, ел үкіметі теңге тұрақтылығын уақытша ұстап тұру үшін 2015 жылдың өзінде 1,28 миллиард доллар жұмсап жіберген болатын. Мұндай «дәстүр» одан кейінгі жылдары да үзілген жоқ. Бірақ сәл де болса қарқыны азайған.
• 2016 жылы Ұлттық банк долларды сатқаннан гөрі сатып алуды көбірек жүзеге асырған. Нәтижесінде, сату-сатып алудың жалпы көлемі 2,8 миллиард долларды құрапты;
• 2017 жылы қаржылық қадағалаушы биржаға төрт рет шығып, 620,5 миллион доллар сатқан;
• 2018 жылы 520,6 миллион долларды саудалады.
Бірақ сарапшылар интервенция жасауды мәселені шешудің уақытша құралы деп санайды. Бұл әрекет түптің түбінде Ұлттық қор қаржысының таусылуына, ел экономикасының шығынға батуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сонымен қатар 10 наурыз күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12 пайызға дейін көтерген. Сарапшылардың айтуынша, бұл уақытша ғана көмек бере алады
«Теңге курсын ұстап тұру үшін тағы да интервенция жасалды. Бірақ қаншалықты сығымдап ұстасаң да, ол бәрібір бағынбайды. 2015 жылдан қаншама ақшаны жағып жібердік. Бұл «егер ақша салмасақ, онда баға көтеріліп кетеді, сөйтіп халық көтеріледі. Хаос пайда болады. Сосын бізді отставкаға жібереді. Ал біз отставканы қаламаймыз» деген ақымақ стратегия», – деп жазады экономист Тоғжан Қожалиева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал сарапшы Жарас Ахметов Kursiv.kz тілшісіне берген сұхбатында базалық мөлшерлеменің жоғарылауына байланысты пікір білдірді.
«Ұлттық банк әуелі валюталық интервенция жасап, сосын базалық мөлшерлемені көтерді. Тактикалық тұрғыдан бұл дұрыс қадам. Осы арқылы ұлттық валютаға жасалық алыпсатарлық шабуылдарды болдырмай және инфляцияның шарықтап кетуін тежеу қажет. Егер алдағы уақытта жағдай жақсарып, мұнай бағасы барреліне 50 долларға жететін болса, бұл біз үшін ыңғайлы болар еді. Сонда базалық мөлшерлеме де бұрынғы деңгейіне түседі, теңге тұрақтанады, инфляция шарықтап кетпейді. Ал егер мұнай бағасы 30 доллар көлемінде және одан төмен бағада ұзақ уақыт тұрақтап қалар болса, онда сөзсіз ахуал қиындайды. Ондай жағдайда – экономиканы несиелеу көлемі қысқарады, экономикалық дағдарыс орнайды»,– дейді экономист.
Дәл қазір еліміздің Ұлттық қорында 27 трлн теңге бар. Бұл туралы осыған дейін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеген болатын. Ол қажет жағдайда Үкіметтің ол ақшадан алуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
«Бұл жайында әзірге ресми ештеңе айта алмаймын. Өйткені ондай шешім әлі шыққан жоқ. Біз дайындаған сценарийде Ұлттық қорға өтініш жасау туралы нұсқа қарастырылмаған. Алайда өте қажет жағдайда біз Ұлттық қорға өтініш жасай аламыз. Дәл қазір онда 27 трлн теңге жинақталған. Жыл сайын 2,7 трлн теңгеден алдық дегеннің өзінде бұл өте үлкен қаражат»,– деген еді министр.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы көлемі – 1,09 миллион теңге. Өткен жылдың дәл осы сәтіндегі көрсеткішпен салыстырғанда ондағы қаржы көлемі 11 пайызға көбейген. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабардар еткен еді.
Азия даму банкі сарапшыларының айтуынша, Азия елдері коронавирус кесірінен 347 миллиард долларға жуық қаржысынан айырылуы мүмкін. Бұл Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды. Олардың болжауынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 154 миллион долларға жуық ақшасынан айырылады-мыс. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен тау-кен өңдеу өнеркәсібі салалары көп зардап шекпек.