Жаңалықтар

Алматыда коронавирустан ем алып жатқан 4 адамның біреуінің жағдайы орташа ауыр

Егер шаһарда індет ушықса, тағы 3 мың адамдық орын дайын

Бүгін  Алматы қаласында шұғыл брифинг өтті. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтің мәліметінше:

«14 наурызда қаламызда лабороторияда дәлелденген нәтиже бойынша, 4 азаматтан коронавирус табылған. Бұлардың барлығы біздің республикамыздың азаматтары. Екі адам Германия мемлекетінен келген болатын. 9-шы наурызда ұшып келген коронавирус жұқтырған адам 1 б категориясы бойынша, үйдегі карантинде болған. Науқас екені дәлелденген сәттен-ақ оны  инфекциялық госпитальге жатқыздық. Ол кісімен қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығы анықталып, олар табылып, біздің провизорлық станционарларымызға оқшауланып, медициналық бақылауға жатқызылды. Сондай-ақ, коронавируске шалдыққан 4 адаммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық карантинге жатқызылды»,-  деді  қаланың бас дәрігері.

Емделіп жатқандардың үшеуі қалыпты жағдайда, ал біреуі орта ауыр жағдайда екен. Бүгінгі таңда бұл азаматтардың барлығы  протокол бойынша  вирусқа қарсы дәрі дәрімектерді, симптоматикалық  ем алуда. 

«Тағы бір айта кетерлігі коронавирус жұқтырған адамдармен бірге қарым-қатынаста болған адамдарды оқшаулайтын қалада 3 ұйым жұмыс істеп жатыр.  Бұдан бөлек оқшаулайтын 4 провизорлық мекемелерді дайындап отырмыз. Ондағы төсектің саны 1500 ден асады. Бүкіл қала карантинге жабылған күнде тағы 3 мың адамға арналған әртүрлі мекемелерді жабдықтап дайындап отырмыз. Ол жағдай ушыққанда ғана төсектер қажет болады»,-деді Тілеухан Әбілдаев.

Қазір карантинде 606 адам жатыр. Станционарларда оларға барлық жағдай жасалған.