Жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлерді қолдауға мемлекет кемінде 300 млрд теңге бөледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған үндеуінде мәлімдеді.
Коронавирустың әлемдік экономикаға тигізген теріс ықпалына куә болып отырмыз дей келе, президент осы дағдарыстың салдарын Қазақстан да сезеді деп айтып өтті.
«Экономикалық катаклизмге қарамастан, біз әлеуметтік шиеленістің артуы мен жұмыссыздыққа жол бермеу үшін қажетті шараларды қолға аламыз»,– деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, еліміздің халықаралық резерві 90 миллиард долларға жеткен. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығын сақтау мен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауының маңызды кепілі.
Осы орайда бюджет қаржысы жұмыспен қамту мен бизнесті қолдауға бағытталған салаларға жұмсалмақ.
«Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кемінде 300 миллиард теңге бөлінеді. Бизнесті несиелендіру деңгейінің төмендеуіне жол беруге болмайды. Ішкі нарықты толтыру және өндірісті ынталандыру үшін «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру арттырылатын болады», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы алыпсатарлардың бағаны қолдан өсіруіне жол берілмейді деп мәлімдеді. Президент тапсырмасы бойынша, Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауға алуы тиіс.